Өлеңдер ✍️

  05.04.2022
  99


Автор: Абдрахман Асылбек

Жеңгейге жауап

Ауылға бұрын барып көрмеген,
Мыңғырған малды танып көрмеген
Жеңгеміз алғаш паңдана қарады,
Айналасына таңдана қарады.
Ағаға түрлі береді сұрақ,
Аға да оны келеді сынап.
Ешкіні нұсқап (мінеңіз мейлі):
– Еркегін қалай білеміз? – дейді.
Мүйізі қайқы, шекесі томар,
Ешкінің нағыз текесі болар?...
Құқықтап жүрген тауықты көріп,
Бейне бір думан-сауықты көріп,
Деді ол:
– Неге әндетіп жүр?
– Әндетіп емес,
Әл кетіп жүр.
Жұмыртқа тауып, толғатқан кезі,
Жанына салмақ мол батқан кезі...
Жайылып жүрген түйені көріп,
Тағы да жеңгей күледі келіп:
– Үстінде тұрған төбесі несі?
Үрпие біткен денесі ме өзі?
– Түсініп қойғын, еркешім менің,
Төбе емес, оны өркеші дегін...
Кісінеп жүрген айғырды көріп,
Жеңгеміз тағы, ай, күлді келіп:
– Мұнысы несі еміренгені?
– Биені көріп, тебіренгені.
Өзіңді жақсы көрем дегені,
Жолыңда сенің өлем дегені...
Үрпісі қарыс сиырды көріп:
– Сауса, – деп, – шіркін, – қиылды келіп.
Секілді сонда байырғы ұста,
Ағамыз жауап қайырды қысқа:
– Ауылға жиі келетін болсаң,
Енеңе көмек беретін болсаң,
Бәрін де лезде ұғасың, қалқам,
Келін боп нағыз шығасың дарқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу