Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  63


Автор: Абдрахман Асылбек

Алмаспайтын ойыншы

Еркелігі асқан басынан
Бастықтың баласы жасынан
Футболмен айналысты.
Келе сала мектептен,
Қорадағы доп тепкен
Балалармен байланысты:
Әлі жеткенін алып құлатты,
Әлі жетпегенін шалып құлатты.
Ешкім оған үндемеді,
Теуіп қалса да, қың демеді.
Өйткені, ол бастықтың баласы,
Бастыққа жоқ ешкімнің таласы,
Таласқанмен, келе бермес шамасы.
Бастық өз баласын зор санады,
Өзге баланы қор санады:
«Демек, балам доп тебеді,
Футболшы боп келеді», –
Деген ойға бекініп,
Ұлы бітірісімен онды,
Өнер деп оңды,
Споркомға звондады лепіріп:
«Менің балам допқұмар,
Шын футболшы боп шығар.
Соны командаға аласың
Қалың додаға саласың.
Қорғанысты жарып өтіп,
Жеке дара ағып өтіп,
Қақыратса қақпаны –
Ел қызыққа батқаны..»
Хатшы айтқан соң көнді де,
Тап сол күннен баласы,
Артып нағыз бағасы,
Кетті ойынға енді де.
Рас, жаман жүгірмейді екен,
Шапқан аттай дүбірлейді екен.
Бір-екі ойында шабуылдап жүрді,
Алғы шепте адуындап жүрді.
Үшінші ойында алқынып қалды,
Алғашқы қарқыны тартылып қалды.
Сөйтсе, жұтып алған...
Жаттықтырушы ұрыспады,
Ұрысуға, тіпті, тырыспады,
Бір шешімді күтіп алдан.
Арада өткенде жарты ай,
Бастықтың баласы,
Белгілі боп шамасы,
Шабуылшыға көшті жартылай.
Бірақ, мұнда да жарытпады,
Ішіп алып шалықтады.
Алмастыруға болмайды,
Атама ондайды.
Әкесі естісе,
Жаттықтырушы оңбайды.
Дегенмен, мықты ғой қолдаушы,
Қазір ол – қорғаушы.
Аптығып жүгірмейді де,
Қақтығып сүрінбейді де.
Мас болып келсе де,
Қағып қойған қададай,
Жан-жағына қарамай,
Тұра берер теңселе.
Қарсы шабуылшылар бұлқынып,
Алға ұмтылып,
Жанынан өтіп жатады,
Қақпаға еркін жетіп жатады.
Доп торда тулап жатады,
Доп салғандар шулап жатады.
Қорғаушы шұрқ етпейді,
Беті бүлк етпейді.
Ұтты, ұтпады,
Қарсыласты жықты, жықпады,
Оған бәрі бір.
Жаттықтырушы дей алмайды «әрі жүр».
* * *
Абырой жоқ, құрмет жоқ,
Командаға күрмек боп,
Бастықтың баласы әлі жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу