👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  30


Автор: Абдрахман Асылбек

Мейрамханада

Мейрамханаға барып ем демалуға,
Тынысты кең алуға.
Құлақтарым табанда тас бітелді,
Қалғандай бір қапаста қамалуда.
Жарты сағат, бір сағат,
Сағат тағы,
Даңғыр-дұңғыр музыка қабаттады.
Тұманданып тұп-тұнық жанар отым,
Тасыр үндер жүйкені шабақтады.
Тасыр үндер тынымсыз тоқтамады
Ойымды ноқталады.
Есерленген есірік музыканттар
Мың сапырып, миымды ботқалады.
Тоқтамады бір сәт те даңғырлатып,
Сөз айта алмай көршіме,
Қалдым қатып.
Көтерудің орнына көңілімді,
Күйіп-жанып отырдым жанды улатып.
Бұл жастарды шетінен жын ұрған ба?
Жын-періге ұқсады жұлынғанда.
Билемесең, не жөндеп сөйлемесең,
Шулы топтың ішінде құның бар ма?
Айран болып ақылым ашып кетті,
Қан қысымым солқылдап тасып кетті.
Ақырында құлақты басып кеттім,
Бақсылардан біржола қашып кеттім.
* * *
Күтушілер мейманмен санаспай ма?
Майысып, күлімдей қарас қайда?
Келген адам жұбымен дәм-тұздасып,
Сұқбаттысып отырса, жараспай ма?


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы