Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  130


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚАНДАЙ ІСТІ БАСТАСАҢ ДА ҚУАНЫП...

Қандай істі бастасаң да қуанып
тез бітуін күт дейді,
басталған том,
тұр, әне,
келген жерім бүктеулі.
Босқа тегіп терімді,
ашқаныммен сүріне,
ашқан есіктерімнің
жабылған жоқ бірі де.
Маған қымбат құс бар бір –
жоғары ұш, жоғары:
сені атар дұшпанның
оғы біткен жоқ әлі.
Үміт бар ғой әркімде,
кеуде соған тоқ кейде:
маған ұсынар гүлдер
әлі ашылған жоқ дейді.
Ашылғам жоқ тіптен де,
көңіл бар тек күткен көп:
қайғырып та біткем жоқ,
қуанып та біткем жоқ.
Бастап қойған кітабым
біткенінше
еңсеріп,
ауа сені жұтамын
нық басамын, жер, сені!
Бір есігім жабылса,
жабылғанша түп-түгел,
шыңдар, сені бағынтам,
бұлттар, сені түттірем.
Сені атқан оқ қаңғырып
құлағанша,
төзім ғып
қуам сені, жаңғырық,
қуам сені, әділдік!
Мен құшар гүл бұтағы
қурағанша,
еңсеріп
ауа, сені жұтамын,
нық басамын, жер, сені.
Болса деп ем болары,
жансам деп ем тағы бір:
сонсоң маған бәрі анық,
сонсоң маған бәрібір.
1967, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу