04.04.2022
  108


Автор: Абдрахман Асылбек

Ұнату

Нұргүл қандай тамаша!
Көзі қандай тамаша!
Жадыратар жаныңды,
Күлімдей бір қараса.
Әр істе зор талабы,
Әнді де әсем салады.
Жақсы оқып сабағын,
Кілең «бестік» алады.
Оны жақсы көреміз,
Айналақтап береміз.
Бір тіл қатса болғаны,
Көкке жетер төбеміз.
Ойыма алып бір істі,
Белді буа кірістім.
Сол Нұргүлдің көзіне
Көп түсуге тырыстым.
Шертіп қалып басынан,
Кей баланы басынам.
Алда отырған қыздардың
Тартқылаймын шашынан.
Кейде отырған партаға,
Кейде ілулі картаға
Жазып кетем «Нұргүл» деп,
Кейде терек, талға да.
Елемей еш ондайды,
Күргүл алаң болмайды.
Көрмеген боп өтеді,
Бәрінен де сол қайғы.
Тек отырмай өзім де,
Бірде сабақ кезінде:
«Шаян шағып алды!» – деп,
Қоя бердім безілдеп.
Бар баланы күлдірдім,
Әй, бірақ та бүлдірдім.
Кетті түсі сұрланып
Сол бір сәтте Нұргүлдің.
Енді қайтіп ұнармын?
Қашанғы мен шыдармын?
Көрінбек боп Нұргүлге,
Төбелес те шығардым.
Жиналыстан жиналыс,
(Қайда кеткен шын намыс?)
Нұргүл түгіл басқалар
Енді менен жүрді алыс.
Таусылды бар амалым,
Қайтсем қызға жағамын?
Кереметтей Нұргүлдің
Қас-қабағын бағамын.
Жатып та мен ойладым,
Тұрып та мен ойладым.
Бір тоқтамға бекіндім,
Болмасын деп бойда мін.
Болса да ауыр бұл іс тым,
Белді буа кірістім.
Қайтсем-дағы Нұргүлдей
Жақсы оқуға тырыстым.
Түзетуге «үшімді»
Аямадым күшімді.
Қолымнан іс келерін
Өзгелер де түсінді.
Бәрі жақсы құрбымның,
Бірге ойнап, бір күлдім.
Бері қарай бастады,
Түсі жылып Нұргүлдің.
Сабағым да түзелді,
Талабым да түзелді.
Маған деген достардың
Қабағы да түзелді.
«Өзі қандай әдепті,
Мінезі жоқ әдепкі.
Спортта да жүлдегер,
Әрі күшті, әрі епті...».
Достар баға береді,
Шындап жақсы көреді.
Нұргүл күліп қарайды –
Маған басты керегі.
Оны өзі де сезген-ді,
Бірде оңаша кез келді.
Жылы жүзбен жымиып,
Тартты мені сөзге енді:
«Ұнатасың,
Білемін,
Көптен байқап жүр едім.
Озаттарға қосылып,
Орындалды тілегің».
Ортақ мақсат-мүддеміз:
Дайындалып бірге біз,
Жақсы оқып сабақты,
«Бес» аламыз күнде біз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу