👈 қаріп өлшемі 👉

  03.04.2022
  27


Автор: Абдрахман Асылбек

Екеуіміз егізбіз

1
Егіз болып тудық,
Бетті бірге жудық.
Ұқсас бізде бой да,
Ұқсас бізде ой да.
Ұқсас бізде түр де,
Ұқсас бізде үн де.
Бір арбаға күнде
Мінгесеміз бірге.

2
Ата-анамыз әр таң
Көңілдері дарқан.
Жайсаң-жарқын жүзді,
Аймалайды бізді.
Арбамызға салып,
Бақшаға алып барып,
Бізді табыс етер,
Жұмысына кетер.

3
Үлкеніміз – Албан,
Ал, ағамыз – Арман.
Кішкенеміз – Әйбат,
Ал, әпкеміз – Айнат.
Оқыр болсақ оны –
Өлеңнің төрт жолы.
Біз секілді егіз
Ұйқас осы деңіз.

4
Бізді балғын егіз,
Тату құрбы деңіз.
Таласуды білмей,
Күлімдейміз күндей.
Бөлінуді білмей,
Киінеміз бірдей.
Қатар өскен гүлдей,
Бойымыз да бірдей.

5
Ойыншықтар көп-ақ,
Бірақ, бәрі олақ.
Өздігінен бірі
Емес тіпті тірі.
Түртіп қалсаң бітті,
Шеттерінен мықты.
Аю, Қасқыр, Піл де
«Сөйлейді» бір тілде.

6
Қуыршақ та – шиқ-шиқ»,
Құлыншақ та – шиқ-шиқ».
Торай-дағы – шиқ-шиқ»,
Торғай-дағы – «шиқ-шиқ».
Мысық-тағы – шиқ-шиқ»,
Күшік-тағы – «шиқ-шиқ».
Құлан-дағы – «шиқ-шиқ»,
Бұлан-дағы – «шиқ-шиқ».

7
Мысық, Торғай, Торай
Болғанымен солай,
Ойыншықтың көбі
Керемет-ақ тегі.
Ғарышқа ұшар кеме
Секілді үшкір жебе.
Бойын созып көкке,
Тұр крандар шетте.

8
Самосвал мықты,
Артамыз кеп жүкті.
Кетеді ол зырлап,
Құрылысқа құмды ап.
Ойын түрі мол-ақ,
Емеспіз біз олақ.
Қолымызда қалақ,
Жатамыз үй қалап.

9
Ауламызда гүл көп,
Тұр бәрі де гүлдеп.
Өйткені, біз күнде
Су себеміз гүлге.
Қызыл, жасыл, сары,
Көз тартады бәрі.
Исі жұпар балдай,
Жұтқың келер қанбай.

10
Сап құрамыз кейде,
Сарбаздардай бейне.
Думан қылып маңды,
Шырқатамыз әнді.
Болса көңіл бөлер,
Толып жатыр өнер.
Құлақ түріп күйге,
Басамыз кеп биге.

11
Біздер нағыз шебер,
Көрсетеміз өнер:
Тез арада жаттап,
Айта аламыз тақпақ.
Сызып сансыз ирек,
Саламыз көп сурет.
Түрлі ертегі тыңдап.
Шешеміз көп жұмбақ.

12
Тәрбиеші бізді
Сан өнерге ізгі
Үйретеді дәйім
Айтып істің жайын.
Бәрін-дағы құптап,
Ұғу үшін мықтап,
Тыңдаймыз шын ұйып,
Жадымызға түйіп.

13
Ойнап түрлі ойын,
Тойлап түрлі тойын,
Шырқап шаттық әнді,
Шынықтырып тәнді,
Көп қызықты көріп,
Мезгіл аттай желіп,
Аңғарылмай мүлде,
Өте шығар күн де.

14
Тым көңілді күйде
Ораламыз үйге.
Емес балабақша,
Үйдегі жайт басқа,
Әке менен аға,
Әпке менен ана.
Сағынысып, аңсап,
Басталады бал шақ.

15
Өлең сөзге негіз
Бізбіз нағыз егіз.
Әрқашан да бірміз,
Бір қыз бен бір ұлмыз.
Албан – аты ұлдың,
Аяулы деп білгін.
Әйбат – аты қыздың.
Әсем гүлі үздің.

16
Менің атым – Албан,
Айтпаймын еш жалған.
Әйбаттан сәл бұрын,
Туғанымды ұғын.
Сондықтан мен оған
Үлкен аға болам.
Демей үлкен ұлмын,
Әйбатпенен бірмін.

17
Әйбат менен кіші,
Ұқсас кескін-түсі.
Әйбат менен кіші,
Бөлек істер ісі.
Әр күн сайын кеште
Тігеді ол кесте.
Ине менен жіпті
Игереді мықты.

18
Менің атым – Әйбат,
Ән шырқаймын сайрап.
Болсақ-тағы егіз,
Албанды үлкен деңіз.
Қатар туған ағам,
Түрі ұқсас маған.
Қатар туған ағам,
Шын қамқоршы маған.

19
Егіз дейді бізді,
Бір ұл мен бір қызды.
Тек айырма сонда:
Көйлек қысқа онда.
Тек айырма сонда:
Шаш та қысқа онда.
Тек айырма сонда:
Автоматы қолда.

20
Ұлдың аты ұл ғой,
Албан жігіт білдей.
Бірте-бірте ерек,
Ойыны да бөлек.
Автоматын қолға ап,
Тұрады елін қорғап.
Белдігі де оңды-ақ,
Өйткені, ол солдат.

21
Мен дәрігер болып,
Денсаулықты қорып,
Кісілерді сырқат
Емдеп шығам бір сәт.
Үлкендерді тыңдап,
Көмектесем шындап.
Алам елден алғыс, –
Мендей болсын әр қыз.

22
Таңдандырып көпті,
Тебеді Албан допты.
Қорғаушыдан өтіп,
Қақпа алдына жетіп,
Қақпашыны алдап,
Түсер жерін таңдап,
Солқ еткізіп торды,
Гол соққаны оңды.

23
Албан шын бір беткей,
Көп ойнайды хоккей.
Қолда қайқы таяқ,
Қалмайды жан аяп.
Көрсең-дағы қайда –
Алдында оның шайба.
Қарамайды жайға,
Қуады кеп, әйда!

24
Менің атым – Албан,
Айтпаймын еш жалған.
Алты аяқты арбам
Айға да ұшып барғам.
Танымас сол маңнан
Топырақ та алғам.
Айға тап сол таңнан
Жаңа бір жол салғам.

25
Әйбат – қарындасым,
Онда дарын басым.
Шымырлатып тәнді,
Шырқатады әнді.
Әйбат – қарындасым,
Онда жалын басым.
Сурет салып сәнді,
Атырады таңды.

26
Әйбат біздің зерек,
Қолға алады елек.
Әппақ ұнды елеп,
Бастайды істі ерек:
Көптен маман жанша,
Пісіреді самса.
Салса ауызға, қандай! –
Татиды ол балдай.

27
Әйбат біздің зерек,
Береді үйге көмек.
Шаң-тозаңды қуып,
Тұрады еден жуып.
Көрпелерді қағып,
Қояр төсек салып.
Дүкенге де барып,
Келеді сүт алып.

28
Жетіге тез толсақ,
Біз де оқушы болсақ.
Жүрген көптен аңсап,
«Әліппені» алсақ.
Әріптерді танып,
Оқи алсақ анық.
Оқыр едік тынбай,
Көңілді алаң қылмай.

29
Біз оқушы болсақ,
Болашаққа жол сап.
Ел қызығын көрер
Білсек түрлі өнер.
Аты әлемге мәлім
Болсақ үлкен ғалым.
Ашылмаған бұрын
Ашсақ өмір сырын.

30
Тілегіміз ізгі
Егіз деп ұқ бізді.
Бір ұл мен бір қызды –
Егіз деп ұқ бізді.
Ұқсас кескін-жүзді,
Егіз деп ұқ бізді.
Игерер шың-құзды,
Егіз деп ұқ бізді.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы