👈 қаріп өлшемі 👉

  03.04.2022
  34


Автор: Абдрахман Асылбек

Светофор сыры

Арман менен Айнат
Деген екі мықты.
Аңырындап, жайлап
Кең көшеге шықты.
Арман болса аға –
Айнаттан ол үлкен.
Кірген ақыл-сана,
Оңды-солын білген.
Айнат болса кіші,
Толған да жоқ беске.
Тындыратын ісі –
Ойын қара кешке.
Тоғыз жаста Арман,
Оқушы ол білдей.
Азамат боп қалған,
Үлкендермен бірдей.
Айтқан тілді алып,
Айтқан жерге барған.
«Әліппені» танып,
Суретті де салған.
Қарындасы Айнат
Жас қой тіпті әлі.
Жанған от та жайнап,
Жұмбақ оған бәрі.
Білмейді ол, шыны,
Ережесін жолдың.
Арман болса мұны
Үйрететін болды.
Таңертеңнен тұрып:
– Оян, – дейді, – Айнат.
Перделерді түріп,
Киімдерін сайлап.
Бақшасына ертіп
Барады алып күнде.
Таңғы самал желпіп,
Томпаңдайды ол бірге.
Айнаттың бір ерек
Мінезі бар бірақ.
Тауып түрлі себеп,
Қояды көп сұрақ:
– Айтшы маған,
Арман,Қызарған не анау?
Кезіксе егер алдан,
Керек соған қарау.
Светофор аты,
Көп көзі бар батыр.
Тоқ болғанмен заты,
Өзінде көп ақыл.
Тұрады ол дәйім
Бұрышында жолдың.
Қиып өткен сайын,
Қарайтұғын болғын.
Қызыл көзі жанса,
Мейлі көлік жоқта,
Қатып қалған жанша,
Қыбыр етпе, тоқта!
Сары көзі жанса,
Сен мынаны аңғар:
Тұрып қалмай онша,
Қозғалуға қамдал.
Жанса көзі жасыл,
Жолың айдай ашық.
Жүре бергін батыл
Керегі жоқ сасып.
Бір қызығы тағы,
Сол жасылдан дара
Екі жағындағы
Сызықшаға қара:
Оң жақ жасыл жанса,
Бұрыласың оңға.
Сол жақ жасыл жанса,
Бұрыласың солға.
– Ұқтым, – деді Айнат, –
Светофор мәнін.
Өзі қандай әйбат,
Жақса жасыл шамын.
– Балабақша онша
Қашық емес үйден.
Жасың беске толса,
Өзің барып үйрен.
Папаң менен мамаң
Кетеді іске ерте.
Сене берме маған,
Бола берме ерке.
Мысалы, мен дәйім,
Мектепке өзім кетем.
Аңдап көше жайын,
Ережемен өтем.
– Дәусің ғой сен,
Арман,Оқушысың білдей.
Оянасың таңнан,
Асып-сасып жүрмей.
Беске менің жасым
Жоқ қой әлі толған.
Балабақша жақын
Болса-дағы қорған.
Толасың сен беске,
Наурыз келген шақта.
Сен есейген кезде,
Бәрі қалар артта.
Айтқан сөзді құптап,
Тек абайлап атта.
Ережені мықтап
Есіңде ылғи сақта.
* * *
Міне, біздің Айнат
Бес жасқа да толды.
Бара жытыр жайлап,
Жиегімен жолдың.
Жолдың үсті нөпір,
Не деген көп көлік.
Болар ма еді көпір,
Өте шығар желіп.
Арман айтқан өктем:
«Тек бұрыштан өт», – деп.
Жарамайды өткен
Жолды баса-көктеп.
Осыны ойлап Айнат,
Жаутаң қағып көзі,
Бақшасына жайлап
Бара жатар өзі.
Машиналар көп-ақ:
Көкшіл, қызыл, сары.
Бірін-бірі орап,
Барады ағып бәрі.
Бөгелгені бір сәт
Болмас еді дұрыс.
Өйткені, жоқ мұрсат,
Тосады сан жұмыс.
Бірақ, мұны Айнат
Ұға қойсын қалай.
Жатыр жолы сайрап,
Бақшасына қарай.
Кенет бала мысық
Жолдан өте берді.
Доңғалаққа түсіп
Қалмасын деп енді,
Тұра ұмтылды Айнат
Мысық кеткен жаққа.
Көрсетіп зор қайрат,
Ұстап алды шаққа.
Қыз құтқарған кезде
Мысыққа ара түсіп,
Маңайында лезде
Болған екен қызық.
Қатар-қатар көлік
Сығылысып қалған.
Жүргізушілер келіп,
Қызға көзін салған.
Апыр-ау, бұл неткен
Ерлік еді көзсіз?!
Жасы да жоқ жеткен.
Бала екен ғой ессіз.
– Папаң, мамаң бар ма? –
Сұрап жатыр еппен. –
Иә, олар таңда
Жұмысына кеткен.
– Неге жүрсің жеке?
Жақын ба еді үйің?
Жол тәртібін жете
Түсінбесең, қиын.
Қысылған жоқ Айнат,
– Жақын, – деді, үйім.
Қоя берді сайрап:
– Беске толдым биыл.
Беске толған тұста
Ережені ұқса,
Ерсі емес тысқа
Жалғыз өзі шықса.
Жүргізуші аға
Қойды ақырын күліп:
– Қызым, бері қара,
Ал мынаны біліп.
Жиек жолы бар ғой
Жандар үшін жаяу.
Деп оны сен тар ғой,
Шықпа жолға таяу.
Светофор жоқта
Асықпағын текке.
Ондай жерде тоқта,
Жолды қиып өтпе.
Жаяу үшін белгі
Қойылады арнай.
Тауып сондай жерді,
Өткін еппен аңдай.
Көлік жүрер жолда
Ойнау тіптен шатақ:
Әйтеуір бір онда
Кезігеді апат.
Бес жас емес, он төрт
Болсаң-дағы кеппе.
Жолға шығып дәндеп,
Велосипед теппе.
Дегендейін мақұл,
Изеді Айнат басын.
Ұққандай бір ақыл,
Керіп қойды қасын.
Айнат содан кейін
Ен көшені бойлап,
Ережеге бейім
Бара жатты ойлап.
* * *
Жексенбі күн еді,
Айнат пенен Арман
– Қыдырайық, – деді,
Тұрып ала таңнан.
Келе жатты олар
Жаяу жүрер жолмен.
– Жүрген дұрыс болар, –
Деді Арман, – оңмен.
Сол жақпенен жүрсең,
Басқаларға бөгет.
Емессің ғой бір сен
Жаяу жолда ерек.
Аялдама анау –
Тоқтайтын жер көлік.
Алды-артыңа қарау –
Әдет болсын берік.
Есігінен артқы
Көлікке сен мінгін.
Дәл осы бір салтты
Құлағыңа ілгін.
Трамвай кеп тоқтап,
Көппен бірге мініп,
Қала сыртын бетке ап,
Кетті екеуі жүріп.
Орындықта жұмсақ
Отырды Айнат, Арман.
Кірді кісі бір сәт
Қартаң тартып қалған.
Арман тұрып лезде,
Ұсынды оған орын.
Қарт та осы кезде:
– Болсын, – деді, – жолың.
Қаладан тыс шыға
Айнатқа айтты Арман:
– Аялдамадан мына
Дұрыс түсіп қалған.
Кезеңде сен әлгі
Артқы есіктен кірдің.
Енді өсіктен алғы
Түсеріңді білгін.
Айнат солай етті,
Тыңдап аға сөзін.
Жаяу жүріп кетті,
Ширақ ұстап өзін.
– Светофор жоқ қой, –
Деді Айнат, – мұнда.
– Өз бетіңмен кетпей, –
Деді Арман, – тыңда.
Светофор және
Жаяу жолы жоқта
Қаладан тыс, кәне, –
Деген сөз жоқ, – тоқта!
Сол жағымен жолдың
Жүретұғын болсақ,
Көліктердің легін
Қарсы алар ек сол шақ.
Шығасың тез жолдан,
Келсе көлік тақап.
Соқтықпайсың оған,
Болмайды ешбір «шатақ».
Арман, Айнат солай
Бара жатты ойнап.
Ереже тым оңай,
Жүрер болсаң ойлап.
* * *
Алматының көркін
Мақтан етер әркім.
Құрылысын көргін
Тамашалап әр күн.
Көшелері оқтай,
Төрінде асқар тауы.
Гүлдері алау оттай,
Жайқатылған бауы.
Субұрқақ шат күйде
Шашып жатыр моншақ.
Сұрғылт үлкен үйге
Бұрылды Арман зер сап.
Ұқпақ болып жайды,
Ішке Арман кірді.
Көше тәртібі жайлы
Көп жаңалық білді.
Қабырғада толы
Теледидар торы:
Оңы менен солы –
Алматының жолы.
Пульт басқарып жүрген
Түсіндірді ағай:
– Мына бөлмең кірген
Ұнады ма, қалай?
– Ұнағанда қандай,
Тамаша екен тіптен.
Ғажайыпты мұндай
Жоқ едім мен күткен.
Көше біткен түгел
Өтіп жатыр алдан.
Нағыз сиқыр, міне, –
Деді сонда Арман.
– Иә, – деді аға, –
Қиылыста әрбір
Орнатылған жаңа
Бейнежазба бар бір.
Бейнежазба барда,
Жол басқару жеңіл
Болдырмаймыз алда
Апаттарды небір.
Шықпай-ақ бұл үйден
Бере аламыз хабар.
Жаңылысқан күйден
Шофёр жөнін табар.
Ал, мына бір нүкте
Атқарады көп іс.
Бағынған бұл пультке
Светофор тегіс.
Керек болған кезде
Өзі тіптен епті.
Жаға аламыз лезде
Қызыл, жасыл, көкті.
Мұның өзі, інім,
Шыққан жүйе жаңа.
Біле білсең тілін,
Қолда бүкіл қала.
Бір-ақ адам бірден
Бағдаршамға ие.
Жақсы емес пе мүлдем
Қалалық бұл жүйе?
Осы үйден Арман
Көңілденіп қайтты.
Бар әсерін алған
Айнатқа кеп айтты.
Міне, қайда өнер!
Міне, қайда ғылым!
Ұғындым мен нелер
Светофор сырын.
Таныс яки тосын
Шыға қалсаң жолға,
Светофор – досың,
Қара.
Оңға!
Солға!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы