Өлеңдер ✍️

  02.04.2022
  143


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ӘЗІЛ

Үйрегі жоқ;
қонбаған қазы қайтып
көл секілді көргенге аз ұнайтын
ынжық жігіт шықты ілез шоқтық алып,
күлдіріп ед бір қызды әзіл айтып.
Бола ма екен күлкісіз күйлі көңіл,
күлдіре алсаң – бастығың да илігеді.
Әзілі үшін ақылды бас кесілген,
әзіл үшін бір сұлу сүйді мені.
Әркім өзін қылжақпен тыңайтқалы
әзіл сөзді қыздарға кім айтпады.
Күлдіргенің біреуін әзіліңмен –
екіншісін ғашық қып мұңайтқаның.
Жүрген асыл емес бұл біз ғана ұстап,
отырғам жоқ мен бәрін қызға нұсқап.
Байқап тұрсаң, басталған жақсы әзілден
махаббат та, ажал да, қызғаныш та.
1967, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу