Өлеңдер ✍️

  02.04.2022
  128


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

САБАҚ

Кешірімшіл ұстазың қаққанымен арқаға,
жағрафия сабағы, әсіресе, картаға
қиналатын едік-ау көп-көп іздеп, көп іздеп,
тауларды іздеп баттық біз талай-талай теңізге.
Мемлекеттер арасы –
ирек сызық қинайтын,
бірін-бірі сызықтар сүйреп шығып қинайтын.
Қай жағыңа қарасаң – бас қатырар шимай тұр.
Шимайлаймыз бүгін де өнер жәйлі, үй жәйлі,
кей шимайың ми түгіл, қағазыңа сыймайды.
Мемлекеттер арасы –
шекарадан гөрі, тек,
адам менен адамның аралығы қинайды.
1967, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу