Өлеңдер ✍️

  02.04.2022
  190


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Би күйі

 Бұрқырап жөнелгенде осы бір күй,
Ойлайсың жалғыз тал гүл өсіруді.
Ту сыртыңда тұрады орман қалғып,
аунайды өзен алдында есігіңнің.
Кетесің өз-өзіңнен екпінденіп,
Басқан аяқ тиердей тепкің болып.
Тегеуірінің темір боп,
құлшынасың
біреуге бір жақсылық еткің келіп.
Әлсіздіктің өзінен күш ап тағы,
Ештеңені келеді ұсатпағың.
Кей досыңнан безгің кеп ілік тауып,
Кей жауыңды келеді құшақтағың,
Бал ұйыған секілді таңдайыңа,
Ойлайсың ел жайында, ән жайында.
Көк желкеңнен ұрардай бар жұдырық,
Бар алақан сипардай маңдайыңнан.
Тұрмайсың тірі жанға кезек беріп,
Жырлайсың өткірленіп, өжеттеніп.
Әйтеуір әр-сәрі емес,
барлығына
Қарайсың ғашық болып, не жек көріп.
Төгіліп жөнелгенде осы бір күй,
Аңсайсың ән мен күйді өсіруді.
Ту сыртыңда қалады орман ұйықтап,
Өзен аунап алдында есігіңнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу