Өлеңдер ✍️

  02.04.2022
  87


Автор: Абдрахман Асылбек

Тасбақа тірлік

Жинап алып бірде Патша қауымын,
Хабарлады көңілінің зауығын:
«Осы біздер тұрсақ та бір аймақта,
Бөлінеміз неге тілден жан-жаққа?
Бірің Маймыл, бірің Есек, Шошқа боп,
Сөйлесеміз түрлі тілде босқа тек.
Шырылдамай өз тілінде Торғай да,
Бір-ақ тілде ұғыныссақ болмай ма?
Өйткені, біз бір аймақта тұрамыз,
Тұрамыз да, бірдей тірлік құрамыз.
Ұқсамай-ақ қорсылдаған Қабанға,
Момын Қойдай маңырасақ, жаман ба?
Сонда мынау ғаламданған заманда,
Бір қалыпқа түсер едік табанда.
Сондықтан да, бұйрық берем бүгіннен,
Барлық аңдар осы аймақта жүгірген.
Беталдына былжырауды тоқтатсын,
Бір-ақ тілде сөйлейтін боп топтассын»...
Бірақ, осы игілікті бұйрықты
Жеткізетін бақыт кімге бұйырыпты?
Жылмаң қағып, деді Түлкі килікпе:
«Бұл шешімді берейік те Билікке».
Үсынысты Патша бірден құптады:
«Ендігі іс Билікте», – деп нықтады.
Сол Билігің мойын бұрмай басқаға,
Болды сонда таңдағаны Тасбақа.
«Неге олай? – деді сонда сұм Түлкі, –
Жайбасарды таңдауыңыз тым күлкі».
Билік айтты: «Дұрыс болмас таласқан,
Бұл жұмыс тек Тасбақаға жарасқан.
Әрқашанда Билікпен ол санасқан,
Бүлк етпейді құласа да қара аспан.
Үстіне тас түссе-дағы сынбайды,
Жауының мен дауылыңнан қыңбайды,
Ешқашан да асығыстық қылмайды,
Тек Биліктің бұйрықтарын тыңдайды,
Сондықтан да, осындай жан ыңғайлы.
Уақытын айлап, жылдап өткізер,
Бұйрығымды әйтеуір бір жеткізер»...
* * *
Осылайша қабылданып бұйрығы,
Басшылардың жүре берді билігі.
Ал, Тасбақа жыл өтсе де жиырма бес,
Бір орнынан жылжымады жинап ес;
Жоқ-тын тіпті босағадан аттаған,
Өйткені, оны бапкер солай баптаған,
Өшсе де өмір, топан су кеп қаптаған,
Тасбақаның басы ауырып-қатпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу