Өлеңдер ✍️

  01.04.2022
  119


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

КӨТЕРМЕЙДІ КӨЛКУДІ, КӨБЕҢСУДІ…

(Абай ескерткішіне)
Көтермейді көлкуді, көбеңсуді,
қайратты ойдан өрілген өлең сырлы;
қатал заманнан шыққан қайрымды жан,
қара тасқа көктеген емен сын-ды.
Дара туған тұлғалар, ең кемінде
қалады екен ешкімге теңгерілмей.
Осал ортадан шыққан мықты кісі,
мықынсыздың буынған белбеуіндей.
Қазналы жан алтынын төккен күлге,
күл боп жанып кетіпті көппен бірге.
Қараңғы елде жарқырап туған өлең,
қара түнде маздаған отпен бірдей.
Емен-дағы құласа – бетеге екен,
дара туған тұлғаң да өтеді екен.
Тек қана қараңғыда жанған оттың,
жарығы тым алысқа жетеді екен.
1967, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу