Өлеңдер ✍️

  01.04.2022
  73


Автор: Абдрахман Асылбек

Қақпа күзеткен қаншық

Қақпасын бір мекеменің
Күзетіп бір Қаншық тұрды.
Билігім деп жеке менің,
Оны өзіне мансұқ қылды.
Бірде Қой келіп:
– Кіремін, – деді, – бастығыңа.
Кәрі Қаншық, бой керіп,
Шабаланды бастырыла:
– Бастыққа баруың үшін,
Рұқсаттама алуың керек.
– Оны алуым үшін,
Алдына баруым керек.
– Сөз ұқпайтын қандайсың?
Рұқсатсыз бармайсың.
– Апатай-ау, ішіне
Кіремін де шығамын.
– Араласпа ісіме,
Кім деп тұрсың, шырағым?
Көкем де болса кірмейді,
Бұл маңайдан жүрмейді.
Қой әрі жалынып,
Бері жалынып,
Еш нәрсе өндіре алмды,
Қаншықты көндіре алмады.
Тас түйін болып түйіле,
Қайтып кетті күйіне...
Артынша Елік келді,
Өзіне сеніп келді:
– Бастыққа кіремін, – деді, –
Жұмыс жайын білемін, – деді.
Кәрі Қаншық оның да
Кес-кес тұрды жолында:
– Рұқсатнамаң болмаса,
Айтқан сөзің далбаса.
– Апатай-ау, ішіне
Кіремін де шығамын.
– Араласпа ісіме,
Кім деп тұрсың, шырағым?
Әкем тіріліп келсе де,
Кіргізбеймін кеңсеге.
Елік те қайтып кетті,
Қарғысын айтып кетті...
Содан соң Шошқа келді,
Демегін босқа келді:
– Маған бастық керек,
Азырақ астық керек.
Кәрі Қаншық тағы да,
Біз тыққандай шабына,
Жолатпады маңына:
– Шошқа болсаң, өзіңе,
Көнбеймін құр сөзіңе.
Рұқсатсыз кірмейсің,
Бұл маңайдан жүрмейсің.
Шошқа кеуделеп кірмек еді,
Бірақ, Қаншықтың сырын білмеп еді.
Жау шауып жатқандай,
Кәрі қақпас аттандай,
Бар даусымен абаланып,
Үрді дейсің шабаланып.
Шошқа шошынып қалды,
Амалсыз тосылып қалды.
Бастық Барыс еді,
Кәрі Қаншық танысы еді.
Сондықтан сеніп қойған,
Қақпа билігін беріп қойған.
* * *
Аңдығаны, баққаны
Алдындағы қақпаны
Қалтқысыз ол күзетеді.
Тап осындай Қаншықтар
Сезіміңді жаншып бар,
Жүрегіңді мұз етеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу