Өлеңдер ✍️

  01.04.2022
  152


Автор: Абдрахман Асылбек

Қарға мен бұлбұл

Қарға көріп Бұлбұлды,
Ғашық болды өлердей.
Сыйлап әсем гүлгүлді,
Сөз сөйледі сенердей:
«Маған шықсаң, әрине,
Арта түсіп әнің де,
Арта түсіп сәнің де,
Сені бүкіл таниды ел».
Иланды да әнші оған,
Жар болар деп аңсаған,
Тиіп алды тартынбай.
Той өткен соң қосылып,
Қарға өзгеше жосылып,
Танытты өнер қарқылдай:
«Қасында ері тұрғанда,
Жұрт алдында ырбаңдап,
Неге керек әнші боп?
Қатысам деп жарысқа,
Қанат қақпай алысқа,
От басында қалшы тек», –
Қарға солай қарқ етті,
Бұлбұл құстан ән кетті,
Ән кеткен соң, сән кетті.
Қарғадан асып та кете алмады,
Қашып та кете алмады.
Қарқылға әбден көндігіп,
Біржолата сөнді үміт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу