Өлеңдер ✍️

  30.03.2022
  108


Автор: Абдрахман Асылбек

Маскүнем мен Молда

Маскүнем мен Молда
Жолығып қалды жолда.
Таңырқаған Молда
Былай деді сонда:
– Айналайын інім,
Не боп кеткен түрің?
Арақ ішкеннен саусың ба?
Өзіңе-өзің жаусың ба?
Маскүнем, бірақ, саспады,
Өзіне сұрақ тастады:
– Жүзім жесе, не болады?
– Ондай адам оңалады.
– Егер, жүзімнің ішсе шырынын?
– Ерсісі жоқ мұныңның.
– Егер сол шырынды сақтап ішсе,
Біраз күн баптап ішсе,
Молдеке, сол да арам ба?
Жауап таба алмай табанда,
Молдекем сасып қалды,
Желкесін қасып қалды.
Ойланып барып, бірақ,
Өзіне қойды сұрақ:
– Мәселен, су да адал,
Не болады шашсам саған?
– Су дегенің таза ғой,
Бетіме шашсам, маза ғой.
– Суға топырақ қоссам шылай?
– Болады онда лай.
– Сол лайды жақсам саған?
– Болады бетім жағал.
– Лайды біраз күн кептірсем?
– Кесек болады деп біл сен.
– Бетке ұрсам сені кесекпен?
– Құлап түседі деп есепте.
Қорытты Молда сұрауын:
– Жөн болды, балам, мынауың.
Жүзімнің суын сақтасаң,
Ашытқы қосып баптасаң,
Әуелі шалап болады,
Күшіне ене шарап болады.
Көп ішсе оны, мас қылады,
Аяқты теріс бастырады.
Демек, мастық харам болады,
Харамның ісі қараң болады,
Ақыры бір күн тәмам болады.
* * *
Маскүнем сөз мәнін түсінді,
Түсінді де қысылды,
Молдаға қолын ұсынды:
– Молдеке, сөзіңізге тойдым,
Енді ішкенді қойдым.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу