Өлеңдер ✍️

  28.03.2022
  95


Автор: Абдрахман Асылбек

Бастық пен басбух

Бір мекеменің бастығы болды,
Өзіне сай басбухы болды.
Төрт түсті қаламы болды,
Қаламы емес, амалы болды.
Мәнін айтып ісінің,
Алдына келген кісінің
Қайтармады меселін,
Білді іштей есебін.
Япырмай, неткен мырзалық,
Бәрін бірдей ырза қып,
Сұраса да қарызға,
Қолын қойып арызға,
Басбуғына жұмсады,
(Бастыққа кім ұрсады?)
Басбух көріп арызды,
Орындайды парызды:
Қол қойылса қызылмен,
Күн күлімдеп жүзінен,
Айқара ашып кассасын,
Ұсынды тез ақшасын.
Қол қойылса көкпенен,
Сылтау айтып ептеген,
Қелгенің жөн ертең деп,
Жауап берді кердеңдеп.
Қол қойылса сарымен,
Сөзді қозғап әріден,
Екі-үш рет барсаң да,
Салып қояр сарсаңға.
Қол қойылса қарамен,
Тарылғандай бар әлем,
Тас түйіліп қабағы,
Түнеріп бір қалады.
Он күннен соң кел дейді,
Ай өтсе де, бермейді.
Солай, достым, ұғып ал,
Сияның да сыры бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу