Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  131


Автор: Абдрахман Асылбек

Оразаны кім қалай ұстайды?

Шілденің аптабында,
Алатау шатқалында
Екі дос кездесіп қалды,
Азырақ сөйлесіп қалды:
– Өй, сен қайдан жүрсің?
– Бастығымның көлігін айдап жүрмін.
Бастығымды осында
Әкеліп салдым досына.
Ал, өзің қалай келдің?
– Мен де сені жанай келдім.
Өтіп жатқан осында
Досыңның әкесінің асына
Келіп тұрғаным ғой,
Ыстыққа көніп тұрғаным ғой.
– Онда, жүр, рахаттанайық,
Ептеп сыралатайық. –
Айтпа ондайды,
Маған болмайды.
Қыстамағын,
Ораза ұстағанмын.
– Сен де айтады екенсің,
Ораза ұстап не етесің?
Мынадай аптапта сыра ішпесең,
Қаталап кетесің.
Оразаны кейбір жанның
Қалай ұстайтынын білемін ғой.
Ондайларға ашиды жаным,
Мысқылдап күлемін ғой.
Ораза ұстадым деп, міндет қылады,
Сол үшін өзгелер құрмет қылады.
Тіпті, жаны қалмай жұбайы да,
Сыйынған екен деп Құдайына,
Күйеуінің асты-үстіне түседі,
Бәрін өзінше өлшеп-пішеді:
Ауызашарын дайындап қояды,
Құртын да, майын да қояды.
Бағылан марқасын да сояды,
Қазы мен қартасын да қояды.
Сәресіге дейін көз ілмейді,
Шаршағаны сезілмейді.
Күйеуі болса түн бойы мешкей боп,
Қабақтай қарыны бөшке боп,
Майлы асқа шылқиып,
Тойып алады тыңқиып.
Тәнін тазарту үшін емес,
Түнін ұзарту үшін,
Аллаға шын берілу үшін емес,
Ораза ұстаған боп көріну үшін,
«Ауызын бекітеді»,
Бірақ, аузына келгенін көкітеді:
Біреулерді даттайды,
Біреулерді боқтайды,
Біреулерді сыртынан соттайды,
Біреулерді көзінше өтірік мақтайды,
Жемқорларды жақтайды...
Сонда, мұсылмандық парызын,
Алла алдындағы қарызын,
Қорықпай да шошымай,
Өтейді ме осылай?
Ораза емес қой еріккеннің ермегі,
Ораза – мұсылманның Аллаға сенгені,
Ақ жолға бар ықыласын бергені.
* * *
Ораза қабыл болсын, мұсылмандар,
Аллаға шын ықылас ұсынғандар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу