Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  148


Автор: Абдрахман Асылбек

Қаракөз қарындасым

Қашан да қанымдасың,
Қашан да жанымдасың.
Көрікті жаратылған,
Қара көз қарындасым.
Қыз ауылдың сәні деп,
Қыз ауылдың әні деп,
Құрметтеген қазағым,
Қыз қауымның мәні деп.
Қыз өмірдің гүлі деп,
Қыз көңілдің күйі деп,
Құрметтеген қазағым,
Қыз Тәңірдің сыйы деп.
Қызды беттен қақпаған,
Алқа тағып, аптаған.
Қадірменді қонақ деп,
Әлпештеген, баптаған.
Еш қиындық көрместен,
Жамандыққа ерместен,
Қазақ қызы ертеден
Еліктейін ерке өскен.
Бірақ, шектен шықпаған,
Ана сөзін құптаған.
Сақтап әдептілікті,
Ата салтын мықтаған.
Ерекше сұлуын-ай,
Көңілді бұруын-ай.
Десек те, кей қыздардың
Қисынсыз қылығын-ай:
Ал, ендеше, ендеше,
Көшеге шық, сенбесең.
Кей қыздардың қылығын,
Көзің ақсын, көрмесең.
Көреді деп кім бұрын,
Қадап найза кірпігін,
Көп қыздары қазақтың
Кердең басып жүр бүгін.
Көйлек киіп бүрмелі,
Көзін сүзіп сүрмелі,
Шеттен келген келімсек
Жігіттермен жүргені.
Болмаса да «башқалы»,
Шет елдіктер ақшалы.
Қара көзді қыздардың
Керек құшақ ашқаны.
Төс пен төсі түйісіп,
«Тұла бойы иісіп»,
Қазақ қызы өзге ұлтпен
Тұрғандары сүйісіп...
Ерекше сұлуын-ай,
Көңілді бұруын-ай.
Десек те, кей қыздардың
Байлықты қууын-ай.
Қазақ қызы мүлік пе?
Ар-ұятты біліп пе?
Тиіп жатыр өзге ұлтқа,
Қытай ма, әлде түрік пе?..
Көздегені – ақшасы,
Керек емес басқасы.
Кетіп жатыр жат жерге,
Қадірленбей жас басы.
Қаракөз қарындасым-ай,
Жалындаған жасың-ай.
Шығамын деп шет елге,
Қор болады-ау басың-ай.
Салтты бұзу жөн емес,
Бөтен елдік тең емес.
Жігіттері қазақтың
Ешкімнен де кем емес.
Парасатты, паң да бар,
Жарасымды жан да бар.
Жігіттерін қазақтың
Қалауыңша таңдап ал.
Қанша бала тапсаң да,
Жетер байлық, ақшаң да.
Құлпырасың гүл жарып,
Өз жерің, өз бақшаңда.
Қайыспайтын Қазақпыз,
Бірақ, саннан аз-ақпыз.
Өзге ұлтты көбейтіп,
Болмайықшы мазақ біз.
Көріп жүр ғой көзіміз,
Өзімізді өзіміз
Көбейтетін Қазақты
Келген жоқ па кезіміз?
Қаракөз қарындасым,
Тынысың тарылмасын.
Өркендеп өз еліңде,
Жас жүрек жалындасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу