Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  201


Автор: Абдрахман Асылбек

Алдардың әні

Әнін жазған Қуат Шілдебаев

Арынды елім
Атымды менің
Бекерге қоймаған Алдар деп.
Намысын қорғар,
Арысын қолдар
Алдымда тамаша таңдар көп.
Қайырмасы:
Мен – Алдармын, Алдармын,
Тура жолды таңдармын.
Керегі жоқ паңдардың,
Жылуы жоқ жандардың.
Адалдарды аңдармын,
Арамдарды алдармын.
Емеспін Алдар,
Жанымды жалдар,
Атымды қойғанмен Алдар деп.
Білетін мені,
Сүйетін мені
Өмірде өрелі жандар көп.
Қайырмасы.
Жарлыны жақтап,
Арлыны мақтап,
Сынаймын дүние қоңызды.
Халқымды сүю,
Жарқын бір жүру –
Негізгі мақсатым ең ізгі.
Қайырмасы.
Елімде ерке
Әнімді шерте,
Күлетін жерінде күлемін.
Таңдармен бірге,
Алдармен бірге
Жасайды мәңгілік ұлы елім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу