Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  119


Автор: Абдрахман Асылбек

Арман қыз

Әнін жазған Павел Ли

Көріп едім бір қызды,
Алтын айдай нұр жүзді,
Ғайып болды.
Өкінемін өзім де,
Таныспауым кезінде –
Айып болды.
Жасықпын-ау, жасықпын,
Дей алмадым ғашықпын,
Сол аруға.
Бірден батып бой бұра,
Жарамадым мойнына
Оралуға.
Қайырмасы:
Сол бір қыз-ақ арманым,
Көргенше алаңдадым,
Күн-түні іздесем де,
Мен оны таба алмадым.
Сол бір қыз арман құсым,
Аяулы мәрмәр мүсін.
Қайда жүр, қайда сол бір
Арайлы арман қызым?
Аңсауменен келемін,
Енді қашан көремін
Арман қызды?
Көңілдерді қоса ма?
Бақыт болып тоса ма
Алдан бізді?
Жүрмін әбден сағына,
Арман қызға тағы да
Кезігем бе?
Сол сұлуды тапқанша,
Мол қызыққа батқанша,
Көз ілем бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу