Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  272


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ

Көңілдерде жаңылып ән ырғағы,
қан да салқын тартқандай тамырдағы.
Қан жылады жүрегім...
Үсік ұрған
табиғатты көргенде мамырдағы.
Қатал қандай?!
Апыр-ай, аспан мына...
(Бір алапат ішімде басталды ма?!)
Шие ағаштың бүртігі бүрісіп тұр,
ұқсап анық тұл жетім – тастандыға.
Баулар, қара! Майысып төгеді мұң,
суық ұрды даланың көк егінін.
Таулар үнсіз мүлгиді... Көкіректе –
құралайдың салқыны деген ұғым.
Жалап-жұқтап ой-қырды биыл қатты,
Құралайдың салқыны қиындатты.
Жаратылыс заңы ғой... Дегенменен,
үйлесімнен бұзылған миым қатты...
Құралайдың салқыны – өр үстінде,
Құралайдың салқыны – жер үстінде,
Құралайдың салқыны – ой-санада,
Құралайдың салқыны – төр үстінде.
 
Жанарында аспанның жасы кепкен,
жылдың жасыл қашанда басы – көктем.
Құралайдың салқыны... Алда – маусым,
шуақ сыйлап, пендесін ғашық еткен.
Қысылғанда қол созып, іші бұрған,
ақ үміттің ұшардай құсы қырдан...
Мен маусымды сағындым өлердейін,
қарап тұрып мамырға үсік ұрған.
Құралайдың салқыны далада жүр,
Құралайдың салқыны қалада жүр,
долы ғасыр секілді ырық бермей,
сезім тулап,
құйды асау санаға жыр...
Құралайдың салқыны далада жүр,
Құралайдың салқыны санада жүр.
мамыр, 1996 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу