Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  201


Автор: Нұрлан Оразалин

Әй, құдайдың....

Әй, құдайдың пендесі!
Аманбысың?!
Шаршадың ба тербетіп заманды ішің.
Алды-артыңды аяусыз жалап-жұқтап,
жатыр ма әлде танытып ғалам күшін?!
Түнің ұйқы ұмытып, әнді – күнің,
құлағында тірліктің талды ма үнің?
Өтіп бара жатыр ма көк атты өмір,
табиғаттың аңғартып мәңгілігін.
Қуандың ба?
Күлдің бе?
Күрсіндің бе?
Жүрегіңді жұлмалап дүрсіл күнде.
Амалы жоқ адамдай азға алданып,
көктен саулар көміліп жүрсің бе үнге?!
Көңілдерді күпті қып алаңдасқан,
сұлу сезім... Аймалап далаңды аспан;
байқаймысың, пәруайы, сезесіз бе,
көшіп бара жатқанын заман бастан?
Оралмайтын дәуренің көзден ұшып,
қарады ма айнадан өзге кісі...
Сары жұртын жағалап сағыныштың
ұлыды ма кеудеңде кезбе күшік?!
 
Көзді жұмып...
Көрінбей өзге ешкімге,
тіл жетпестей бір ғажап кез кештің бе?
Әй, құдайдың пеңдесі, тым құрыса
оңашада өзіңмен кездестің бе?
Шыныңды айтшы,
апыр-ай, кездестің бе?!
наурыз, 1995 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу