Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  122


Автор: Нұрлан Оразалин

КҮЗ АДАМЫ

Көше бойлап келеді жалғыз адам,
қызық қуған, бір кезде бал құзаған.
Жүрісі ауыр... Өңінде өкініш көп,
талай-талай шаршатып таңды ұзаған,
көше бойлап келеді жалғыз адам.
Жанарында пендеңнің күз келеді,
көзден ұшқан құс сынды – іздегені,
жапырағы тоналған тоғай үнсіз,
көк төсінде – тырнаның тізбелері.
Көзі – мұнар...
Мұнары шайқалардай.
Жұлдызды аспан. Алқалы Ай талардай.
Ескі кебіс, үстінде ескі пальто...
Кінәздігі бәрібір байқалардай.
Күні-түні шыжғырып көмбеге ойын,
жоғын іздеп, шаршаған пендедейін,
көше кезіп келеді күз адамы,
уқаланған үш сомдық теңгедейін...
Боз тырналар барады мекеніне.
Боз дүние-ай!..
Осылай өтеді ме?!
Кінәз шалдың қабағы, өңі сынық,
көнбейтіндей табиғат жетегіне.
 
Көзін қадап аспанға ауық-ауық,
ой-қақпасын нығарлап, жауып алып,
көше бойлап келеді жүдеу көңіл
кетер ме деп қараша қары жауып...
Жанарында қартыңның күз келеді,
көзден ұшқан құс сынды – іздегені;
жапырағы тоналған тоғай – мылқау,
көк төсінде – тырнаның тізбелері...
Көше бойлап кебісті күз келеді.
қазан, 1996 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу