Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  311


Автор: Нұрлан Оразалин

Аластап оймен....

Аластап оймен
дәуір кеселін,
Ел үшін мұң мен шерді кешемін.
Түнім – ұйқысыз, күнім – күлкісіз:
Ертеңім – үміт,
Мәңгі – кешегім...
Отты кешемін, суды кешемін,
кешемін шуын түнгі көшенің;
ауаңды жұтып, асқақ Алатау,
өмірден өтті пендең неше мың?!
Үні жалғасып, сазы қаңғырып,
Абай даңғылын
әнмен әлдилеп,
күймен тербетіп
кетті мәңгілік, кетті мәңгілік
қанша ақының жыр боп жаңғырып?!
Көңілден ұшып ерте еркелік,
қанша боздағың кетті ерте өліп,
желтоқсан желі шарлап аспанды,
өзекте үні кетті өртеніп?..
Аластап сөзбен
Заман кеселін,
Ел үшін мұң мен шерді кешемін.
Жебей гөр, Ием!
Жебей гөр, Тәңір!
Дәм біткен күні
Жұмыр бас пендең
 
мен де көшемін,
мен де көшемін!..
Асықтырмағын... Ісім көп жерде.
Бітіру үшін
отты кешемін!
Суды кешемін!
Шаңын сілкілеп,
әнін жаңғыртып
түнгі көшенің
шуын кешемін...
буын кешемін...
суын да ішемін...
уын да ішемін!..
Дәм біткен күні көшемін,
ұмытып тірлік қайғы, кеселін
көшемін!..
наурыз, 1993 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу