Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  335


Автор: Нұрлан Оразалин

Арман боп құшқан....

Арман боп құшқан
бір мұңның барын білемін,
арқамды қысқан
бір «жынның» барын білемін;
ерте ме, кеш пе
қуалап жетіп ұстайтын,
дәм таусыларда,
бір күннің барын білемін...
Келеді қайдан?
Жерден бе?
Әлде көктен бе?
Мезгілі анық Қаңтар ма?
Күз бе?
Көктем бе?..
Көріпкел емен...
Құтыла алмасым – ақиқат.
Пайғамбар да одан
құтыла алмаған көп пенде;
батыр да ақын
құтыла алмаған данаң да,
жақсы да жайсаң
құтыла алмаған жаман да;
сағаты жетсе
ханың да одан құтылмас
тағына сеніп,
билік жүргізген заманға...
 
Дүние – түлкі...
Ешкімге серік, дос емес,
қара жер – тәнің,
ұшады жаның, көшеді ес;
өлмейді сөзің,
өшпейді ойың – мәңгілік,
қалған ғұмырың –
алдану,
арбау,
қарману,
Өмірде ойсыз
тірі жүргенің – бос елес...
наурыз, 1993 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу