Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  412


Автор: Нұрлан Оразалин

АНА МЕН ҰЛДЫҢ ҮШIНШI СҰХБАТЫ

АНА. Үнiң сенiң жарып шықты үй, түндi,
сол дауыспен солқылдап кеп күй тынды.
Суық хабар… Сумаң етiп ең алғаш
бөлдi, қалқам, бесiктегi ұйқыңды.
ҰЛЫ. Өттi жылдар… Ұлып көңiл, қар борап,
Тәңір тауды сан күзедi шалғы, орақ.
Талай-талай «жетiм» деген суық сөз
жыландайын жүрегiмдi алды орап.
Намыс жiгер… Өртенгенде сезiм-от,
пенделердiң мүсiркеген кезi көп.
Шақты менiң жүрегiмдi жетiмдiк
қарт әженiң мұңға толы көзi боп.
Шақты талай…
Оңдырмастан шақты кеп,
сағым көшiп, талай-талай батты көк.
Жылдар өттi әлде неден жасқанып,
жан көкеме арнап iштен ақ тiлек.
АНА. Сезiп соны тандым неше мен естен,
шақты, қарғам, баласың-ау деместен.
Әжең марқұм айтушы едi сондайда:
«Берiк бол, деп, өртең жерге шөп өскен…»
 
«Құлыным», деп бастаушы едi ән басын:
«Қайдасың? деп, балапаным, жан Қасым?»
Жер ошақтың отын үрлеп айтатын:
«Жалғызымның сақтай көр, деп жалғасын».
Дауысымен езiп бойды, сүйектi,
енем менiң жүрегiме күй ектi:
«Көп тектiден қалған жалғыз тұяқты
Жасытпа», – деп, қайсарлығын сый еттi.
Жүрегiме, тамырыма күй ектi.
ҰЛЫ. Сағынғанда көкемдi iздеп, ғарышқа
тiл қатушы ем, көз тiгушi ем алысқа…
Әлдекiмдер жәбiрлеген кезде де
көкемдi iздеп тығылушы ем қамысқа.
АНА. Бiлем…
Бiлем…
Көрiп талай мүжiлгем,
қайғы табын аңғарғанда жүзiңнен
«Бар бақытым, болашағым өзiң», – деп,
сипаушы едiм жүрiп кеткен iзiңнен.
Кеудедегi мың сан дауыс, жүз үнмен,
нала-мұңмен, жүректегi сызыммен:
«Қорғай жүр, деп, ұлы баба аруағы!»
Оңашада талып талай үзiлгем.
Сан қайталап Тәңiр ием – Құдайды,
қиналғанда қозғаушы едiм түн, Айды…
Қарадала…
Қара шоқы…
Қара жол…
Боздауымнан талай менiң мұңайды…
 
Әлқисса:
Елестетiп қаз-қалпында ел iшiн
(Неткен ғажап сұлу сазды келiсiм?!);
езiп-жаншып шерлi ананың жүрегiн,
жеттi жылдар ойдың түйiп келiсiн.
Түнгi қырман…
Алтыбақан…
Көп халық…
Жыра, сайлар ән салады топтанып.
Жетiм ауыл сәл ұмытып шаршауын,
көк аспаннан жатқандайын шоқ тамып.
Қыркүйекте қайтқан құстың жары – көл.
Ию-қию… Салқияды сары бел…
Астығы мол.
Ауыл биыл алаңсыз.
Аш-арықтар тойлатуда – жарып ел.
Тау самалы түннiң шашын жұлқылар,
тұма-сезiм бұлақтайын бұлқынар;
қыз-қырқын мен жiгiт-желең…
У да шу…
Қою түн мен аспан әннен жыртылар.
Балқаймақ саз…
Балқыған тау...
күз, дала…
«Айгөлекке» басады кеп қыз бала.
Кезедi бiр қоңыр дауыс аспанды,
қыздың үнiн жел толқытар қызғана.
 
«Айгөлекке» басады кеп қыз бала,
тойлатуда тобылғы сай, күз, дала;
шалқытады бiр қоңыр саз шанақты,
елеңдер көк, елеңдемес құз ғана…
Тау-жыраны тербетедi төкпе күй,
көңiлде – күй, жерде де күй, көкте – күй…
Той-думанға қырмандағы қосылмай,
жарымкөңiл жабығып тұр шеттегi үй.
Қоржын үйде қаумалаған мұң қатты:
жас нәресте, жас келiншек сымбатты,
қарт әже бар…
Ұзын саны – үш қара…
Өксiп-өксiп қос iшектен тiл қатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу