Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  297


Автор: Нұрлан Оразалин

АНА МЕН ҰЛДЫҢ ЕКIНШI СҰХБАТЫ

АНА. Қос пернеден құстай ұшып самғаған,
айта қойшы, не түсiндiң, жан балам?
ҰЛЫ. Кейде бiздiң әнiмiз бен күйiмiз
кейiнгіге жетпей ме деп…
Шамданам?!
АНА. Иә, тағы?..
Не аңғардың? Жасырма!
ҰЛЫ. Зiлiңiз көп қарақазан ғасырға…
Өкпеңiз көп, қиянатшыл кездерге
жалбаң қағып, жалғыз жанға бас ұрған.
Аярланып, марапатты асырған,
ар-ұятты аяққа сап, қашырған,
өкпелiсiз арсыз мына әлемге
өзеуреген шен-шекпенге, тасырға…
Жүректерде мұз боп қатқан күштi ақпан,
Сенiм атты ақ шағала құсты атқан
сол күндердiң аязы бар Сiзде әлi
жандарды адал асқан, атқан, ұстатқан.
Тыным бермес мазасыз ой-жанталас,
кемiретiн ой-сананы бар талас;
 
сол күндердiң солығы бар Сiзде әлi,
намысы бар өле-өлгенше тарқамас…
АНА. Сабыр, ұлым! Қызбаланба! Тыңдағын.
Сыйласа да қайғысы мен мұңды әнiн…
Ол күндерiм маған ыстық ерекше
адал сезiм аялаған құндағын.
Ол күндерде мұқалмаған арыны,
жастығымның жалындаған бар үнi;
аш-жалаңаш болсақ-тағы мойымай,
бөлiп жеген қара талқан, тарыны,
ол күндерде жастығымның бар үнi…
Әрине, ұлым, күлген сәтiм кемде-кем,
әкең жоқта мейірiмге шөлдегем.
Пасықтарға бiрлi-жарым ашынып,
топырақты шаша алмаймын елге мен.
ҰЛЫ. Қиын кезде бола алмаған араша,
қайдағы елдi еске алдыңыз балаша?!
Ел ме екен сол қосағыңды айдатып,
ал өзiңдi?
Шаққан талап араша…
АНА. Ұлым!
Ұлым!
Астам айтпа! Асықпа!
Көңiл – тұман,
ашу – теңiз… Тасытпа!
ҰЛЫ. Ел ме екен сол?
 
АНА. Елде нең бар? Ел дегенiң ет-бауыр.
Сөйлемегiн ұқсап қай бiр жасыққа.
ҰЛЫ. Айдалғанды көре тұрып кiнәсiз,
қалай ғана басыласыз? Тынасыз?
Елiң егер дер кезiнде ес жиса,
көкiрегiмдi қабар ма едi мына сыз?
Ойланшы, ана,
Ағарғанын шашыңның?!
Жалғыз кiнәң – жары болдың Қасымның.
Ал әкемнiң жазығы не сондағы?
Ойлап соны бала күннен ашындым.
Жасырмаймын.Әлi күнге ашынам,
балғын шағым еске түссе жасыған…
Ел ме екен сол тентiретiп жетiмiн,
арысының безiп кеткен қасынан?
Ел ме екен сол?!
АНА. Тоқтат, ұлым! Шатаспа!
Бұлай тiптi сөйлемейдi бақас та.
Жолдан шықпа!..
Ел – Ана ғой киелi.
Кие қиын. Анаменен тақаспа!
Ел – Ана ғой… Ел қайғысы – мол қайғы,
Елi-жұртын даттағандар оңбайды.
Елсiз ердiң құны, балам, көк тиын,
есер ұлға естi бақыт қонбайды.
Ел – Ана ғой…
Елге күйе жақпаңдар!
 
Есi кетер елге садақ атқандар.
Ел киесi жiбермейдi ешкiмдi,
Ел беделiн мәпелеңдер, сақтаңдар!
Ел – Ана ғой…
Естi, қарғам, бiлгейсiң,
Елге өкпелеп, бекер, бекер тiлдейсiң.
Ел – құнарлы топырағың… Тек сонда
бүр жарасың, шешек атып, гүлдейсiң.
ҰЛЫ. Анажан-ау!..
АНА. Ел демесек…
Түсер ме едiк бiз отқа?
Түсер ме едi әкең марқұм дұзаққа?
Тiрi жаннан қара бақыр пәре алмай,
айдалар ма сыймай заңға, КЗОТ-қа?
Ел деп, ұлым, бiздiң ұрпақ соғысты,
Ел деп, ұлым, дос сезiмдер тоғысты.
Ел деп, жүрiп қатал шақта қайыспай,
қара халық атқарды ерен, көп iстi.
Айтшы, қане, сыйғызбақсың қай заңға?!
Ел деп әкең жараланған майданда,
Ел деп әкең дозақ отын кешкен-дi
өле-өлгенше „жаламенен» Тайгаңда…
ҰЛЫ. Ел дегенiң?..
АНА. Соғыстан соң сансырап,
Тозған ауыл, ес жимаған қансырап.
 
Жетiм… Жесiр… Етегiне сүрінген,
кеуделерi – жұлым-жұлым сан сұрақ.
Ел дегенiм?.. Аш-жалаңаш қалалар,
өрт жалаған ормандар мен далалар.
«Қара қағаз», «карточкасын» құшақтап,
боздағының жолын күткен аналар.
Ел дегенiм?.. Қалың орман, тектi емен,
тамыр жайып, жапырағы көктеген.
Ел дегенiм менiң момын жүрегiм
өз жыртығын өзi жамап, көктеген…
ҰЛЫ. Толқып, тулап, кеудемiзден көштi күн,
айыптама, артық кетсем, кеш бүгiн.
Сiз шындықты толғадыңыз күйменен,
мен шындықты жүрегiммен естiдiм.
АНА. Құлыным-ай, сен де менi сөкпегiн,
таға көрме тағдырыма текке мiн.
Күймен осы жасығымды жұбатып,
күйдiм, жандым, ел деп жүрiп, көктедiм.
ҰЛЫ. Кешiр, ана!
Кешiр!
Кешiр!
Сөкпегiн.
Куәм менiң:
жерде – өзiң тек, көкте – күн.
Күймен осы көзiмдi ашып мен де алғаш,
Күндi көрдiм, сенi көрдiм, көктедiм…
 
Күй сарыны таныс бала кезiмнен,
күймен осы тау, даланы сезiнгем.
Жылап жатып, тербетiлiп бесiкте,
күймен осы емшек емiп, көз iлгем.
Күйдегi ерен шер-қайғыға малынып,
құлдық ұрып, жалбарынып, жалынып,
сұрағанда сен әкемнiң саулығын
мен де жатқам төсекте оны сағынып…
Әлқисса:
Толқып ана домбырасын қолға алды,
қолға алды да теңiздейiн толғанды.
Ойлы көзiн қадап алыс қиырға,
ұшар құстай сiлкiнiп бiр, қомданды.
Түстi есiне сол бiр зауал күн бөлек…
(Қатал тағдыр қалды дейсiң кiмдi елеп?!)
Алақандай ауыл сұмдық сескенген
Қасымды алғаш әкеткенде түнделеп.
Көршi-қолаң, туыс-туған ұйығып,
отырды да әуелгiде бұйығып,
Сосын бәрi бармақ болды ауданға,
араша айтып азаматқа жиылып.
– Мүмкiн емес!
– Құдай ақы сенбеймiн…
Дедi бiрi:
– Қорлығына көнбеймiн!
 
Барамын да сөйлесемiн тергеумен,
бәрiн өзiм реттеймiн, жөндеймiн.
– Мен де барам!
– Мен де…
– Барамыз!
Шуласты кеп шағын ауыл.
Дала…
Күз…
– Қасымдайын… сыйлады осы халқын кiм?
– Қайсың, қане, Қасымдай боп талпындың?
– Жала!
– Жала!
– Жаласына көнбеймiз…
– Сақтаймыз, – деп, – бiз сынығын алтынның…
кеуде қақты.Әлде кiмдер көпсiндi:
– Пронтовикке тимесiн! – деп тепсiндi.
Шуласты да…
Тарап кеттi келген ел,
нөсерлетiп өте шыққан көк сынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу