Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  145


Автор: Нұрлан Оразалин

АНА МЕН ҰЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ СҰХБАТЫ

Оқиғаға:
Ана (әрi Айша келiн),
Ұлы (әрi кiшкентай Берiк),
Иiс кемпiр,
Сәнiм әжей,
Едiге қарт,
Қасым рухы;
қиырдағы қоңыр ауылдың өлi-тiрi
тұрғындары мен әр алуан тағдыр
иелері қатысады.
Өтетiн жерi:
жұмыр жердiң төсi, қазақ даласы;
кейiпкерлердiң жан-жүрегi, ой төрi;
рух атаулының мәңгiлiк мекенi –
көк аспан, ғарыш айдыны.
Мезгiлi:
ХХ ғасыр, 30, 50, 90-жылдар.


 


Ескерту: Бұл дастаннан таза драмалық туындыға тән сахналық үйлесiм iздеудiң қажетi жоқ. Iздей қалғанның өзiнде шығарма табиғатын ашар басты өлшем поэзия болғанын естен шығармау керек.


 


АНА. Күндер қандай ел көретiн бар тағы?
Тағдыр саған нендей жүгiн артады?
Әлденеге өрекпидi жүрегiм…
Хабар жоқ па?
Көзiм менiң тартады…
ҰЛЫ. Ой қажытқан. Өкпелеме, жан ана,
көзiң тартса, тыным керек санаңа.
Домбыра тарт.
Таза ауа жұт.
Бой сергiт.
Бiр барып қайт туған елге, далаңа…
АНА. Бiлем, ұлым, алаңдаулы көп күнiң.
Жасырмағын, жаның неден шектi мұң?!
Жүрек құрғыр сезетiндей әлдене,
жалғасы едiң жалған айтпас тектiнiң.
ҰЛЫ. Жо-жоқ, ана… Жүдемеңiз болмасқа.
Жәй, әншейiн…
Айтам кейiн қол боста.
Ауыс-күйiс – жоғарыда, төменде.
Өзгердi өмiр.
Қоғам басқа… Жол басқа…
АНА. Жер орнында, ел орнында емес пе?
 
ҰЛЫ. Бәрi орнында. Билеушi де, Кеңес те…
АНА. А, жаратқан, жары құдай – жалғыздың,
сақ жүргейсiң дау-таласта, егесте.
Сақ жүргейсiң көз бен тiлге iлiнбей,
алған асу, шыққан тауың бүлiнбей...
Қан мен кектiң сұрауы бар қашанда.
Заман – бөрi…
Қабар келiп бiлiнбей.
ҰЛЫ. Жоқ-жоқ, ана, қиналмаңыз болмасқа.
Дәуiр басқа, Сiздер жүрген жол басқа.
айтқанменен түсiнбейсiз бәрiбiр,
кең отырып, сырласайық қол боста…
АНА. Сезiп тұрмын…
ҰЛЫ. Қинама, ана, бекерге,
дәурен өттi алданатын шекерге.
Өзгердi өмiр. Түбiрiмен өзгердi.
Сiздер… Бiздер… Тұрғандаймыз екi өрде.
АНА. Тура айтсаң да дұрыс айттың көзге сен,
қазақ үшiн болған әр кез сөз – көсем.
Тiлеуiм де, ниетiм де – жолыңда,
анаң сенiң болайын ба, сезбесем?!
ҰЛЫ. Өтiнемiн!..
АНА. Арың айтсын шешiмiн,
ақылға сал, сөкпе менi, кеш, ұлым…
Заманың ба?
Қаяу салған адам ба?
Ойланып ал, айтпас бұрын кесiмiн.
 
Үндемейсiң… Үнсiз тыну – ой басы,
Ой – қазына, Ойланшы, ұлым, ойлашы;
қол жалғашы домбыраға төрдегi,
ойлап барып, жүрегiме бойлашы.
Аяқ бармас, қол жетпеске, сөз өтпек,
сөз жетпесе, күй сөйлейтiн безектеп.
Жүрегiнде бұл анаңның көп сыр бар…
Домбыраға қалды бiлем кезек кеп…
Өтiнерiм – сөз төркiнiн бұрмағын,
ұйып тыңда көңiлiмнiң жыр бағын.
Сен туарда әнге жерiк болған ем,
құлағымнан үзiлмей бiр қырдағы үн.
Сезiм оты өртеп бойды, аспанды,
жанарымнан жалын болып жас тамды.
Мына сазға құлақ түршi! Кел, ұлым!
Бiр алапат жүрегiмде басталды.
Ернеуiнен асып-тасқан көлдейiн,
көктемдегi долы мiнез селдейiн…
Тоғыз перне жеткiзе алса жарады,
iшек бойлап ерен сезiм, келдi ойым?!
Күй-тағдырым кеудемдегi өрiлсiн,
бар өмiрiм, бар мұратым көрiнсiн.
Жер үстiнiң адал жүрек жандары
тыңдап, тоқып, айтсын алғыс, жерiнсiн.
Бұл күйiмде сенiң де бар арманың,
бала күнiң жағалаған жар маңын.
Қарақазан ғасырым бар – тағдырым,
тым ертелеу салған бiзге қармағын.
 
Бұл күйiмде аруақтардың бар үнi,
Дәуiрiмнiң екпiнi бар, арыны.
Әлде кiмге тым мұңдылау естiлiп,
жақпауы да мүмкiн тiптi сарыны.
Әлде кiмге секiлдi боп үн ескi,
iздеуi де мүмкiн шуақ – күнестi;
ұғынғанға рухы бар ұлтымның
ұран қылған ерлiк пенен күрестi.
Түсiн, ұлым,
ана мұңы, мiне, осы:
Айлы түнi, қаралы iңiр, күнесi;
шақырамын, жер үстiнiң жарлары,
жесiрлерi, жүрегiме түнешi!
Түнеңдершi!
Күймен осы өтiнем!
Көз жасының кеудеме кеп отымен
қоныңдаршы!
Мұз боп қатқан жiбiтiп,
оятайық ой-сананы шетiнен.
Серпiл, ұлым, күй сазына түр құлақ,
туласын ой шанақ төсiн ұрғылап,
тоғыз перне, қос iшектiң бойымен
тау жаңғырып, ақтарылсын жыр-бұлақ.
Киiп ескi бешпетi мен жейдесiн,
бiр дәуiрдiң бастап қоңыр ой көшiн,
күй атымен «Қарақазан ғасыр» боп,
тамырларда атқақтап бiр сөйлесiн!
 
Құлақ күйi:
Менiң қайғым сөйлесiн!
Сенiң қайғың сөйлесiн!
Мұңды көңiл кiрлеткен
жуып шердiң жейдесiн…
Ел қайғысы сөйлесiн,
көл қайғысы сөйлесiн,
ұлын күткен ананың
сел-қайғысы сөйлесiн!
Жер қайғысы сөйлесiн,
Төр қайғысы сөйлесiн,
жарын күткен келiннiң
шер-қайғысы сөйлесiн!
Түн қайғысы сөйлесiн,
Күн қайғысы сөйлесiн,
жетiм өскен жер тiстеп
ұл қайғысы сөйлесiн!
Шың қайғысы сөйлесiн,
шым қайғысы сөйлесiн,
жиырмасыншы ғасырдың,
мұң-қайғысы сөйлесiн!
Шын қайғысы сөйлесiн!
Сенiң қайғың сөйлесiн!
Менiң қайғым сөйлесiн!
Қара шанақ шалдығып,
қозғасын бiр ой көшiн.
 
 Дала мұңы сөйлесiн,
Бала мұңы сөйлесiн,
ана мұңы сөйлесiн,
қалам үнi сөйлесiн,
ғалам үнi сөйлесiн,
заман үнi сөйлесiн!
Сөйлесiн бiр!
Сөйлесiн!
Сенiң қайғың сөйлесiн!
Менiң қайғым сөйлесiн!
Ұлым!
Шанақ сөйлесiн!
Әлқисса:
Шолпандайын оянатын таңдағы
сұлу сезiм сұлу төрге самғады;
Ана-көңiл ала-құйын ой-мұңын
күймен өстiп күмбiрлетiп жалғады…


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу