Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  107


Автор: Нұрлан Оразалин

АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ

(Жылға тiлек)
360…
Күн өттi де, түн өттi.
Қанат бердi – қиялымды түлеттi.
360…
Таң сарғайып оянды,
жыр туды асау жарып талай жүректi,
құйын-перен жыл өттi!
Сүйдiк.
Күйдiк.
Кештiк қайғы. Өртендiк.
Намыстандық.
Қалыс қалдық. Жеркендiк…
Ғалам ұлы таразылап елiмдi,
төрiмiзге қонды келiп өр теңдiк!
Теңдiк үшiн өртендiк!
Көгiмiзге көкпеңбек қып ту iлдiк,
көк Түрiктен қайта түлеп туылдық.
Ой да,
Қыр да,
Ой-сана да жасарды,
Бостандықтың жаңбырына жуындық,
көкпеңбек қып ту iлдiк!
 
Төзiм, жiгер – қара қайыс, кендiрдей,
аңсап жеткен Азаттығым – өндiрдей.
Жүрегiмде – ғасырлардың ұраны,
ойы – терең,
асқақтығы – сеңгiрдей…
Азаттығым – өндiрдей!
Тарих бiзге бетiн бұрды. Сеземiн.
Бой көтердi «Қазақ» атты өз Елiм.
Бабалардың арманы бар кеудемде,
ғасырлардың өртеп өткен өзегiн…
Келдi, мiне, кезегiм!..
Жүрегiмде – Жаратқанның iзгi үнi,
жоқ демеймiн тiрлiгiмнiң сыз, мұңы…
Қашан?
Кiмге?..
Тиiп едi оп-оңай
Бостандықтың бас бермейтiн тiзгiнi?!
Жаратқанның iзгi-үнi!
Бiлем…
Бiлем…
Еркiндiктiң мол дауы,
дау-талассыз мүмкiн емес болмауы.
Ай астында Әдiлет бар, сенемiн,
жүрегiмде – жылдың жаңа толғауы.
Мүмкiн емес болмауы!
Асу…
Мұнар…
Көрiнедi алдан шың.
 
Азаттығым болмасын тек алдамшы үн.
Ей, Бауырым, нәрестедей аяла!
Елдiк қалпым Ертеңiме жалғансын!
Азаттығым болмасын тек алдамшы үн.
Жалғассын де! Жалғансын!..
қаңтар, 1993 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу