Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  162


Автор: Абдрахман Асылбек

Ауыл мен дауыл

Біздің ауыл ауыл еді,
Берекелі қауым еді.
Бір кісінің баласындай
Бір-біріне бауыр еді.
Биесі бар, сиыры бар –
Ағып тұрған сауын еді.
Қоралы қой, үйір жылқы
Кең жайлауды жауып еді.
Ауыл маңы – маң-маң басқан
Үйрек-қаз, түйетауық еді.
Бақшалары берекелі
Қарбыз бенен қауын еді.
Күндіз тынбас қызу еңбек,
Кешке ойын-сауық еді.
Неше түрлі той өткізіп,
Бәйге, көкпар шауып еді.
Адал еңбек арқасында
Ел бақытын тауып еді.
Жекешелендіру қауым түгіл,
Отбасына қауіп еді.
Шаңырақты шайқалдырып,
Кенет келген дауыл еді.
Болашақты бұлдыратар,
Барып тұрған қауіп еді.
Ауылдың бар тіршілігін
Біржолата жауып еді.
Қыстақтарда қарттар қалып,
Жастар түгел ауып еді.
Шынында жекешелендіру –
Алақұйын дауыл еді.
Дауыл демі басылғанмен,
Қасіреті ауыр еді.
Қыс қаһарын жуып-шаяр
Көктемнің ақ жауыны еді.
Азып-тозған ауылдарды
Кім түзетер тауып емін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу