Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  145


Автор: Абдрахман Асылбек

Керемет бір хайуан керек

Бұрын «Ара» ара болатын,
Шаққан жері жара болатын.
«Арада» сыналған жанның
Ауызы қан, дала болатын.
Өйткені, сыналған «дөкей»,
Біреулерге болғанымен «көкей»,
Қызметінен ұшып кететін,
Құйрығын қысып кететін.
Содан үйрене келе,
Шенеуніктер «күйлене» келе,
«Араға» көңіл бөлмейтін болды,
Шыбын шаққан құрлы көрмейтін болды.
Бүгінгі «Ара» шақпайтын болды,
Шаққанмен, тісі батпайтын болды.
Себебі, жаңа заң шықты,
Заң емес, лаң шықты:
Онда жорналшылар
(Жеткен жері сол болған шығар),
Шенуніктерді сынамайтын болды,
Сынаса, ұнамайтын болды.
Керісінше, өздерін кінәлайтын болды:
«Жала жапты», – дейді,
«Қайда факті?», – дейді.
Сөйтеді де, шынын айтқан,
Халықтың мұңын айтқан
Жорналшыны сотқа береді,
Жалақор деп, шоққа көмеді.
Ашып небір сұмдықты,
Жазғанымен шындықты,
Қылмыскер мойындаса кінәсін,
Батылы жетіп, оны кім сынасын?
Жорналшы болса есі бар,
Сау басына сақина тілеп несі бар?
Сондықтан, «Арадан» бөлек,
Керемет бір хайуан керек.
У берсе де өлмейтін,
Өкіметіңе көнбейтін,
Қорықпайтын патшаңнан
Егеуқұйрық – Атжалман
Темірді де кеміреді,
Кемірген сайын семіреді.
Соны таңдаған жөн болар,
Жемқорды жойса, сол жояр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу