Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  97


Автор: Нұрлан Оразалин

ӨМIР – АҒЫС

Көңiлде – дүлей бұлқыныс,
көк айдын асау, қос жаға;
мөңкидi өзен жұлқып iш,
жеткенше тұйық тоспаға.
Үрейге жанды көмедi
дүлейдiң асау ағысы;
арнасы неткен кең едi,
адуын мiнез шабысы?!
Жеткiзбей бiрi-бiрiне,
жөңкiлiп толқын қашады,
көз тiксең айдын түрiне,
елестер майдан жасағы.
Қомдап ап оң, сол қанатын,
шабатын жауға тайынбай,
ұран қып ұстап дала атын,
берiспес берiш-қайыңдай…
Көшпелiлердiң келбетi
алдыма менiң келедi,
қиял мен ойды тербетiп,
толқиды судың желегi.
Баса алмай ашу, айбатын,
жөңкiлiп толқын құлайды;
 
шақырып қуат, қайратын,
жағадан сырнай жылайды.
Жылайды сырнай сызылып,
мөңкидi толқын жұлқып iш;
суынып, дене қызынып,
тарылтар бойды бiр тыныс.
Тынымсыз дүлей санамыз,
көңiлде – таудың шың, бағы;
жағаны тастап барамыз,
сыңсиды сырнай мұңды әнi.
Қайда арман?
Бақыт?
Қайда құт?
Күте ме алдан құлама?
Барамыз бiздер қайда ағып,
Тiршiлiк атты ұлы Ана?!
шiлде, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу