Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  230


Автор: Нұрлан Оразалин

ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДА

«Тамырым менiң — тереңде…»
Жұмекен
Жатқан мәңгi төсiнде таспа қырдың,
тұрмын үнсiз басында тас қабырдың.
Жас тұмшалап жанарды, буын босап,
шымшиды кеп жүректi басқа бiр мұң.
Толқытады көңiлдi басқа бiр ән,
егiледi сезiмiм жас қарыған.
Көздi жұмсам, көңiлде — басқа жандар,
басқа таулар, көгiнде — басқа қыран.
Естен шыққан ескi ауыл… Сол баяғы…
Құрақ ұшып, қос әжем қол жаяды.
Құрт ұрлаған шығады алдан күнiм,
бiр сәт тыным көрмейтiн қолды-аяғы.
Ойырманың басында — бала киiк,
бала қиял балдайын тамады иiп.
Қара жорға… Үстiнде нағашы атам,
теңселедi дүние санада ұйып…
Қоңыр тiрлiк… Төгiлiп күй ырғағы,
күндерiмдi тербейдi қиырдағы.
Отты кезiң елестеп, әке, сенiң,
сезiледi жүректiң жиi ұрғаны.
 
Әлдеқайдан себелеп қырдың әнi,
«Бесiк жыры» кеудемдi ұрғылады.
Ақ шашты анам айналып жас аруға,
айдынына көңiлдiң жыр құлады.
Толқымаған тәрiздi бекерге ойым,
құлағыма бiр дауыс жетердейiн.
Ескi диiрмен — қабақта… Атам үнсiз…
Көкбастаудың қайнары шекердейiн.
Қарадала қозғалып, қара аспаным,
жүрегiме жетердей жар асқан үн;
қос күмбезден қос бабам тiл қатардай,
күңгiр-күңгiр етедi Дала, Аспаным…
Дәуiрлерге дем берген көктемдерге,
көргенi аян Аллаға, көк пен жерге.
Ата-баба кiндiгiн жуған өлке
талай-талай куә боп өткелдерге,
талай-талай пана боп өткендерге…
Қоңырауын көңiлдiң қаққан дәйiм.
Қара мешiт…
Белдеуi — қатқан қайың.
Күллi ауылдың шалдары жағалай кеп,
жайнамазға жығылып жатқандайын.
Бәрi-бәрi қаз-қалпы санада тұр,
ақ жаулықты аналар, бала-бақыр…
«Лә-илла-іи ил-Алла…» деген үннен
аспан асты күмбiрлеп бара жатыр.
Елеңдесiп қырлардың желбезегi,
«Шилi өзектiң» қолтығын жел кезедi.
 
Туған ауыл түтiнi танауды алып,
жетелейдi Көксайдың жол, кезеңi.
Жетелейдi жолдарым алыстарға,
менi әлдекiм күтердей ғарыштарда.
Көзiмдi ашсам…
Мына әлем iзiм-ғайым
кетердейiн қоштасып арыстарға.
Жетелейдi жолдарым биiктерге,
менi әлдекiм күтердей сүйiп төрде.
Көзiмдi ашқым келмейдi. Қабыр үнсiз.
Жатыр үнсiз шалдарым сүйiктi өрде…
(Жатыр қалай жан әкем сиып көрге?!)
Толқытады көңiлдi басқа бiр ән,
егiледi сезiмiм жас қарыған.
Көзiмдi аштым…
Қасымда — басқа жандар,
басқа адамдар, көгiмде — басқа қыран.
Тербетiп тұр Даланы басқа бiр ән.
мамыр, 1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу