Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  86


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҢ

Шертiлмеген көңiлдегi сырдайын,
жазылмаған жүректегi жырдайын,
ну тоғайдан шеттеу қонып, бөктерде
жабырқаулы жетiм көңiл тұр қайың.
Желге жайып жапырағын тұр аулақ,
адам сынды күрсiнердей сыр аулап.
Жалғыз қайың қабаржытты жанымды,
көзден ұшты көктем құсы «тыраулап».
Жасқа оранып жасыл аспан жанары,
бiр сағыныш жүректi оттай қарады.
Махаббаттың үнi жетiп бейуақта,
бұлдыр-бұлдыр бiр мұңды саз тарады.
Алыс-алыс қиырларға, кеттi өрге,
қия шыңға, тарап ұлы көк-төрге
қайың-арман қанат қақты «пыр» етiп,
айналғандай ақ қанатты кептерге.
Тiлiп өттi көкiректi өткiр мұң,
Жүрек – шанақ…
Шамырқанып iшектi ұрдым.
Көзде – бөктер,
көкiректе – қайың-құс,
«қайың-арман, қабаржыма» деп тұрдым.
 
Қайың жалғыз…
Мен де бүгiн жалғызбын,
жел шулайды шашын жайып тал-қыздың.
Махаббаттың үнi жауып аспаннан,
келедi иiсi таңқурай мен жалбыздың.
Қайың жалғыз. Жалғызбын…
тамыз, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу