Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  140


Автор: Абдрахман Асылбек

Тәбет пен әлек

Көңілің неге шапса,
Тәніңнің емін тапса –
Ол дегенің тәбет.
Суды да аңсап ішсең,
Бал сынды тамсап ішсең –
Ол денегің тәбет.
Біреуді сүйіп қалсаң,
Басыңды иіп қалсаң –
Ол дегенің тәбет.
Біреуді аял болсаң,
Көмекке даяр болсаң –
Ол дегенің тәбет.
Сырқатқа жәрдем берсең,
Сөзіңмен дәрмен берсең –
Ол дегенің тәбет.
Үлкенді сыйлай білсең,
Ақылын тыңдай білсең –
Ол дегенің тәбет.
Кішіге пана болсаң,
Ақылшы аға болсаң –
Ол дегенің тәбет.
Жақсы ойды оқи білсең,
Көңілге тоқи білсең –
Ол дегенің тәбет.
Талантты тани білсең,
Талаптың дәмін білсең –
Ол дегенің тәбет.
* * *
Кей дәмді бал десе де,
Тәніңе нәр бермесе –
Ол дегенің әлек.
Біреуді ұнатпасаң,
Жанынан жырақтасаң –
Ол дегенің әлек.
Кейбіреу жағынса да,
Ойыңнан табылмаса –
Ол дегенің әлек.
Кейбіреу жалған күліп,
Жүрсе тек алдандырып –
Ол дегенің әлек.
* * *
Кей тұста жалған тәуіп
Төндірсе жанға қауіп –
Ол нағыз нәлет!
Кей сорлы діннен безсе,
Аналық тілден безсе –
Ол нағыз нәлет!
Кей сұмпай ұлтын сатса,
Туған ел, жұртын сатса –
Ол нағыз нәлет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу