Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  97


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘЙЕЛ

Біле білсең: жайып салған дерегін,
Оқылмаған кітап – әйел дегенің!
Қайталанбас шаттығымен, мұңымен,
Әр бетінен табылады керегің.
 Судай жаңа демесең де парағы,
Іздеген жан мол қызыққа қанады.
Қарапайым, құпиялы сыры бар,
Жете бермес әркімнің-ақ талабы.
Көзін сүзген тауып алар серікті,
(Кербезденген талғамға сай көрікті...)
Назарыңды тартып әрбір леп белгі,
Жалт қаратып, жаулап алар ерікті.
Оқыс бассаң, дұрыс жолға салғалы,
Басу айтып тұрады әрбір тармағы.
Бойыңдағы кісілікті бағалар,
Сұрақ белгі – саған артқан салмағы.
Кімсің өзің?
Не үшін, қайда барасың?..
Тұрлаулы боп, біл ғұмырдың бағасын.
Кесіп-пішіп, татыған сол тұздығы, –
Әр жолынан мол мағына табасың.
Біле білсең: жайып салған дерегін, –
Көзіңе оттай басылатын керегің;
Әр бетінде шаттығы мен мұңы бар,
Оқылмаған кітап – әйел дегенің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу