Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  94


Автор: Тортай Сәдуақас

Қызғанам іштей....

Қызғанам іштей қайғыра, Түнеріп ойым тереңде.
Басқа жар саған жайлы ма, Жайдары, жарқын менен де.
Жоғалтып бәрін алдым ба, Аяулым қанша бейітте?..
Кінам бар олар алдында, Жүрер ме ең білсең – кейіп те.
 Күлкіден жаным шайлықты, Тік мінез, кейде қаттымын;
Біреулер менен қаймықты, Айтуға да өз шаттығын.
Содан ба, қалсам сырласып, Тайдырып үнсіз көзімді;
Құпия қиыр қырға асып, Кеткендей сезем өзімді.
Шытырман сол ой арбай ма: Дірілдеп атқан таң майда...
Қайдасың, – дейсің, – шалғайдан,
Тіл қаттың жұмбақ дәл қайдан?!.
Білмейсің, тіпті кей-кейде, Минуттар мұндай болды да;
Даусыңа жауап бермей де, Оралмай кетем орныма.
Тұра тұр, мені тастама, Қызғанам іштей қайғыра;
Табыссам болып басқа адам, Білмеген мына жайды да:
Қазалы жазға дейін бұл, Қуаныш тапқан біз бақтан;
Азалы даңқтан кейін бір, Жүрекке шемен мұз қатқан.
Ойласам мол ғой сор-қайғым, Отына соның күйем көп;
Жә, болды, күліп, ойнайын, Айтшы тек мені сүйем деп!..
1947




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу