Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  94


Автор: Тортай Сәдуақас

ФЕВРАЛЬ КҮНДЕЛІГІ

(тараулар)
I
Қайран күндер,
Құрбым келіп үйіме,
Егілмей-ақ айтты, кеше, күйіне,
Жерлегенін жан жолдасын жалғыз-ақ.
Тіс жармастан атырдық біз таңды ұзақ.
Қалай оны жұбатпақпын, кесір мұң,
Мен өзім де ленинградтық жесірмін.
Қорек қылып қалған нанды тағы да,
Жылындық біз бір шәліні жамыла.
 Тышыштық та орнағандай қалада,
Дүңкілдетіп жатты біреу далада...
Тоңып аяқ, май шамдағы жалыққан,
Пайда болып сол көмескі жарықтан,
Кішкентай бір кемпірқосақ секілді,
Шеңбер тұрды бояуы бар не түрлі.
Бірте-бірте сәулеленді қара түн,
Біз де шықтық су алуға баратын.
Жиі-жиі зіркілдеген жырақта,
Зеңбіректер үні келді құлаққа.
Қызыл ерлер бұзып жаудың қоршауын,
Үзіп жатты блокада құрсауын.
II
Ал қаланы орап алған ақ қырау,
Меңіреу боп қарға батқан бақ мынау.
Трамвайлар жолы мұзды құрсанып,
Тек шаналар сықырлайды мұң шағып.
Шағын ғана, ойнайтұғын балалар,
Нева бойы сықырлаған шаналар:
Осы шана су таситын көлік те,
Отын артқан, науқас та бар, өлік те...
Көшіп-қонып тұрғындары қаланың,
Тұман кешіп тоздырады табанын.
Желтоқсанда қатып-тоңып жас бала,
Қаңыраған үйден іздер баспана.
Мынау әйел ерін сүйреп барады,
Өңі қашқан, жүрегі оның жаралы;
Қолда – құты, онда кешкі қорегі,
Ал төбеңнен ысқырған оқ төнеді...
Бет-ауызы ақ қыраумен безенген,
Мына қыз да ернін тістеп кезерген;
Көрпешеге орап жансыз денені,
Охтадағы зиратқа алып келеді.
 Дірдектейді, қалдым ба деп кешігіп,
Өткір көзі қараңғыға тесіліп.
Ей, азамат!
Тағзым ет сол қалпыңда,
Ер боп өлген ленинградтық марқұмға.
Сықыр-сықыр
Шана біткен қалада...
Қанша адамнан айырылдық арада!
Жыламаймыз бірақта біз, расында,
Кептірді жау ленинградтықтардың жасын да.
Жыламаймыз,
Көңіл оған көншімес,
Арман менен намысымыз еншілес.
Кек-намыс бар жерде, сірә жоқ қайғы, –
Жылытады ол, жетектейді, топтайды.
Жауыздардан білмеген еш аяуды,
Кек ал дейді, кек ал дейді қиратып,
Оң жағаға орналасқан аяулы,
Охтадағы бауырластар зираты.
III
Мен ешқашан батыр болған емеспін,
Керегі не, даңқ деген елестің.
Ленинградпен бір тыныстап, бірге өстім,
Ерлік еттім дей алмаймын, күн кештім.
Мақтанбаймын сындарда сол көптеген,
Шаттығымды жоғалтпадым деп те мен.
Соғыс біткен күнге дейін ақтық бір,
Жанарларда мөлтілдеген шаттық бұл.
Мақтанарлық болса үлесім, қосқаным,
Ол өзімнің сияқты көп достарым,
Мақтанамын, шаршадым деп тұрмастан,
Еңбек етіп жүргеніме тынбастан.
Мақтанарым, еңбегіммен жаныппын,
Құдыретін сонда білдік шабыттың.
 Басқан ізді аңдып ажал қастыққан,
Төздік қой біз азапқа да, аштыққа.
Осылайша келді бізге еркіндік,
Осылайша бақыт тауып желпіндік,
Өнеге енді ол жас ұрпаққа, жастыққа.
Бұл бақытты оңай келді деме сен,
Баға жетпес неге де оны теңесең:
Үзім нанның бөлдік өзін тең екі,
Тең бөлінді ең ақырғы темекі.
Бықсып жанған от басында көмескі,
Жеті түнде отырып ап кеңестік:
Жеңіс келіп жеткен кезде тамаша,
Қалай өмір сүреміз деп жаңаша.
Достым, тіпті бейбіт жылдар кезінде,
Елжіреп сен еске аларсың өзің де;
Сонау «Қызыл командирлер» көшесін,
Жел азынап, өрт сөнбеген неше түн.
Шарқ ұрғандай дәл осы жас қалпыңда,
Шаттық пен мұң шарпылғандай жалқынға;
Шақырармын сол түнектен ашына,
Қақпадағы баррикада басына...
Жасай берсін!
Салтанатпен тербеп күн,
Арқауындай қорғаныс пен еңбектің, –
Қарапайым қуанышы адамның,
Өшпес даңқы Ленин атты қаламның.
Мейрімді де, қаһарлы да үні өктем,
Жасай берсін! Батыр қалам түлеткен:
Жау құрсауын талқан еткен табанды,
Жауынгерді, Еңбеккерді, Адамды!
Сіңлілерім, Дос-жараным, Бауырым,
Көріп өстік блокада дауылын.
Ленинград деген бізден ат қалар,
Ленинград деп дүние бір мақтанар.
 Екі өмірмен тыныстаймыз біз бүгін:
Сынды құрсау,
Өтті аштық, ызғырық;
Келешек тұр бақытты да кенішті,
Қолда берік ұстап тұрмыз жеңісті.
Күндіз мейлі, Түнде мейлі, Кешке де,
Бөгелместен, бөгет болмай ештеңе,
Азат болып біздің туған қаламыз,
Сарбаздарды қарсы алуға барамыз.
Гүл алмай-ақ – жапырайған каскамен,
Ауыр күпі, қатқан жыртық маскамен,
Еркіп жазып майырылған қанатты,
Қарсы аламыз қошеметпен парадты;
Жанған қолы гүлгүлді ұстап қас қақпай,
Қола ескерткіш тұрар сонда асқақтай.
Январь – февраль, 1942




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу