Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  112


Автор: Абдрахман Асылбек

Маймыл мен марал

Маймыл мен Марал дос болды,
Достардың көңлі қош болды.
Мақтауға келген кезінде
Маралың ептеп бос болды.
Созғандай Маймыл сағызды,
Тілінің майын тамызды.
Қулықты қайдан аңғарсын
Момақан досы жаны ізгі.
Адалдан жұбай тапқан-ды,
Сол үшін Марал мақтанды.
Басқа да сырын бүкпестен
Маймылға түгел ақтарды.
Етпеді «досы» оңған іс,
Өсекшіл еді ол нағыз.
Маралды қыса бастады,
Шақырып алып Жолбарыс:
«Ішеді дейді күн-түні,
Сүйеді дейді түлкіні.
Мас болып жүріп жақында
Кетіпсің қағып Кірпіні.
Қолыңнан келер жоқ айлаң,
Қуамын сені маңайдан».
Кешікпей Марал жер ауды,
Көңілі быт-шыт боп ойран.
Қасыңдағыны қақсатпа,
Алдыңдағыны ақсатпа.
Құлату досты мақсат па?
Жетпессің одан жақсы атқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу