Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  106


Автор: Абдрахман Асылбек

Бізде бәрі тамаша

(«Біздің ағай тамаша» әнінін ырғағымен)

Ағамыз бен жеңгеміз бар тамаша,
Көз тоймайды келбетіне қараса.
Жыл он екі ай жолаушылап кетеді,
Төлеген мен Қыз Жібектей жараса.
Жеңгей қырық құбылып,
Таппайды бір тынымды.
Ағамызбен қыдырып,
Аралайды Қырымды –
Біздің жеңгей тамаша!
Бір курорттан бір курортты таңдайды,
Қызықтаудан құмары бір қанбайды.
Жетегінде желе берер ағамыз,
Ақ жеңгеміз айтқанынан танбайды.
Тыңдай-тыңдай жеңгені,
Болды ағай ақ басты.
Судай шашып теңгені,
Кетті аралап Кавказды,
Біздің ағай тамаша.
Каражаттан құрғамаған қалтасы –
Ағай, жеңгей бір отаудың марқасы.
Екеуінің сайран құрып жүруі –
Атайы мен апайының арқасы.
Атай әлі әлінде,
Еңбек етіп келеді.
Пенсиясын, бәрін де
Баласына береді –
Біздің атай тамаша!
Ал, әжеміз немересін бағады,
Ас дайындап, үйдің шаңын қағады.
Барын жұмсап балалардың бағы үшін,
Кірбің тартып көрген емес қабағы.
Түсінеді дос игі
Әжеміздің шыдамын.
Отын жағып осы үйдің,
Күліменен шығады –
Біздің әжей тамаша!
Бәріміз де бір кездегі баламыз,
Бұл күндері оянған ой-санамыз.
Ата-ананың есебі жоқ еңбегін
Аз да болса бағалап бір қараңыз.
Ағамыз жүр аңқылдап,
Жеңгеміз жүр жарқылдап.
Атамыз бар – алтын тақ,
Анамыз бар – алтын бақ –
Бізде бәрі тамаша!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу