Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  76


Автор: Тортай Сәдуақас

Тек жүрместен....

Тек жүрместен терезе аштық жаңадан,
Алыс-алыс қиырларға қараған.
Туа біткен емес те еді ол, бұйрықтан,
Ойымыздай болмаса да қалаған.
Шабытты шақ – қасиетті қас қағым,
Тіршіліктің тылсым сырын ашқаның.
Өмір өзі шуақ сеуіп өскінге, –
Өркендетті парасаттың жас талын.
Түрткі болған қандай сөз, ым бірақ та,
Бірден жауап беру қиын сұраққа...
 Ғайып болды қолдан шығып сол асыл,
Қас қағым сәт жетер кезде мұратқа.
Өкініштен аһ ұрса еді қамығып,
Сол бір адам қалған ізден жаңылып!
Бабам болса... қайтсін...
Бейқам бабамыз
Қарай берген күнге көзі қарығып.
Содан кейін – кесек тасты ап қолына,
Атып ұрған жау жағының сорына.
Сөйтіп жүріп сырын білді рычагтың,
Ғылымға жол ашу үшін соңыра.
Содан кейін – қосылысып бастарың,
Өздеріңше өнер жолын бастадың.
Кәсіп етіп салдың аңның суретін,
Шоқпен қашап таудың жақпар тастарын.
Жолы қандай болса-дағы бұралаң,
Көз жіберсең соқпағына сұлаған;
Неше түлеп, түрлі-түрлі түрге енген,
Өткендерін ұмыт қылып бұл адам.
Жауап іздеп кіммін деген сұраққа,
Қайдан шықты? Аттанбақ қай жыраққа?..
Сұлулықтың алдында тек табынып, –
Сонда білер, Сонда ғана бірақ та.
Бөгде жанның жанын білмей жаралап,
Толғандырса ізгілік пен жаманат,
Тереңдігін сезінсе тек көңілдің,
Жердегі бар шыңыраудан ғаламат;
Қиялға енсе күпті ойларын жеңгелі,
Жалғыздықтан зеріккендей жердегі.
Оқып көрші бетті кейін парақтап,
Кемелерге көр аударып зердені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу