Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  79


Автор: Тортай Сәдуақас

Жұғым бар ма...

Жұғым бар ма жұлдызыңнан адамға?
Кұр телміріп, Құт-береке табам ба?!
Шыға алмаспын шығанға сол шарықтап,
Шаш етектен – шаруа бақсам одан да!
Жарқырасын, Жана берсін жырақта,
Одан маған не пайда бар бірақ та?
Әйтсе де бұл көңіл алаң, Аңсау бар,
Арман бар ма жетіп өлсем мұратқа!
Кенет, кенет, жарқ ете қап тезінен,
Жорта жанып, арбағанын сезінем.
Ғарыш солай тұрды маған назар сап,
Маңдайдағы жалғыз дара көзімен!
Ым қаққандай, қоймаса да сұрақты.
Сырымды алған қайтіп қана бұл әккі; –
Ишара қып, телміреді құр үнсіз,
Не деп жауап берер деген сияқты.
...Сол-ақ екен – Іштей түлеп, өзім де,
Іштарлық пен ашкөздіктен безіндім.
Сол-ақ екен – Сәт сайын бұл қас қағым, –
Жаңаша өмір сүретіндей сезіндім.
Бұйым ба енді уақытың мен шалғайың?
Шырқап биік, шығанға енді самғайын!
«Сөйлес, сырлас! – дейді ғарыш, – менімен –
Білгің келсе әлем сырын әрдәйім!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу