Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  81


Автор: Тортай Сәдуақас

Көңіл өсіп.....

Көңіл өсіп, күн еді бір жайнаған,
Кездесті дос (қызыл шарф байлаған!)
Тұра ұмтылып, бас салыппын досымды,
Қолын қысып, төске басып төсімді.
– Қаншама жыл көріспедік? – Сауалым, –
Күлмең қағып тез қайырды ол жауабын:
– Кешіріңіз, олай болмас... мүмкін,.. – деп, –
Әлденені айтып жатыр күңкілдеп.
Қайтадан бір үңілдім мен бетіне, –
Басқа сөздің келмес енді реті де!
Қол алыстық, аман-саулық сұрап та,
Қателескен болып шықтық бірақ та!
«Басында айтпай, – деп ойлаймын, – осылай,
Қанша сөзді қор қылғаның, досым-ай!..»
Ол да ішінен дей қойды ма мақұл іс:
«Ай мен күннің аманында, нақұрыс...»
Көзәйнекті бір киемін, бір алып,
Жерге түскен шарфын алды ол бұралып.
Күн дегенің – шыныдай бір бұлыңғыр...
Тәйірі, енді несі әбестік мұның бұл?
Қош айтыстық, қошын бағып көңілдің,
 Жүгініссек, жүгі аз ба өмірдің?
Қол қусырып жолыққан әр адамға,
Құрақ ұшып, содан мұрат табам ба?
Бейтаныспен қызығымды бөлісіп,
Жат адаммен жатам ба ылғи көрісіп?
Бұл өмірдің талабы аз ба әманда,
Жолығысып қалған екі адамға...
Одан бірақ біздер үшін не пайда?
Екеуміз де кете бардық екі ойда.
Қайта айналып қарадым мен, Ол-дағы,
Бірақ-бірақ... оралуға болмады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу