Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  112


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚАСИЕТТІ ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Әділетсіз, қатыгез сот, тағы не?
Ұшырады қатал тағдыр кәріне:
Өртенгелі тұрған мынау адам да,
Алқа-қотан қоршаған жұрт бәрі де.
Анталаған әлде нендей жарыққа,
Ажал сәтін баққандай бір қалыпта:
Қызық көрген көлеңкесі ол елдің,
Ұсқыны жоқ, ұқсаған тек халыққа.
Не нәрсе бұл –
Түскені ме басқа мұң?
Қасіретін қайтеді жұрт басқаның?
Көрді Гус те, – қолын созған жандарды, –
Есіркеген бірі жоқ тек қасқаның.
Аяушылық жасап жанын ұғар кім?
Жалқы тағдыр,
Жалғыз қалып қуардың.
Кекесінін кескінінен көрді анық,
Енді білді шын пиғылын бұлардың.
Топтан шықты бүкірейген, момақан
кәрі кемпір сор айдаған, сорақы әм;
Емешегі үзілген жоқ, – өрт қоймақ,
Тамыздық ап келе жатыр сол апаң.
Нені ойлады ол – тұрып асқақ, ерен де,
«Қайран аңқаулық-ай!» дегенде.
Кешіріммен қараған сол кемпірге,
Кең пейілің, өр рухың ба, еркің бе?!
Тарихшылар тыржитар да қабағын,
«Салиқалы емес» деп бұл сабағың.
Айтар едім сол айтысқа бармастан:
Уақыттың да жазбаларын шаң басқан.
Бұдан да өткен сұмдық болған, несіне
жасырамыз, түскені осы есіме!
 Тарихың да сан құбылып өзгерер,
Реттілік бұзылғанын көз көрер.
Салтанатты саппен жүрсе қаһарман, –
Саңылаудан сұғынады өзгелер...
...Мызғымайтын тұғырда тұр тым биік,
Қаһарман да асқақ, өжет, тұңғиық!
Айдай әлем алдында тұр осылай
көкірекке сыр құйып.
Ал, қасында сол баяғы момақан
кемпір де тұр еңкіш тартқан, сорақы әм;
Жүзі сәл-пәл қызғылт тартқан жалыннан, –
тамыздығын тұтатпақшы сол апаң.
Қарасаң сыр тұнып тұр, –
Қасиетті қарапайымдылық бұл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу