Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  74


Автор: Тортай Сәдуақас

Тығырыққа тыққан...

Тығырыққа тыққан бізді өрістен, –
Құр өкініш емес тегі, келіспен.
Парықтап бір білгім келді анықтап
жеңілісімді жеңістен.
Мән бермесем өлеңіңе құмартып,
Кешір, ақын, сөге көрме кінә артып?!
Бәлкім, сенің жеңілісіңнің өзі де, –
Менің барлық жеңісімнен мың артық.
Кім айтады мұның түзу, қисығын?
Білем бірақ, жалғыз сәттің қисынын:
Барлық дана кітаптан да сәуегей, –
Бір-ақ сәтте танып-білген түйсігің.
 Қуаныш пен қайғым қатар жүр бүгін,
Шатастырып алмайын тек бір-бірін:
Оқушыдай үйренемін айырып,
Жеңіліс пен жеңісімнің шындығын.
Үйренемін елдің мұңын сезініп,
Сонда жәйтті түсінесің тез ұғып:
Ойламаған жерден қырсық шалғанда,
Кеткен кезде қонатын бақ безініп.
Кімге дәрі көлгірсуі қасқаның!
Айта салу оңай ойлап бас қамын:
Өз мұңымдай сездім десем кім сенер, –
Жеңілісі болса егер де ол басқаның.
Жанды көріп дөңбекшіген түнімен,
Шошып тұрдым десем оның мұңымен...
Жол қуалап іздеме сен шындықты,
Біте қайнар ол ақынның жырымен.
Білем бірақ өлшеп-пішіп ішімнен,
Кезім де емес кездейсоқ бұл танысқан,
Кездейсоқтық еместігін түсінгем:
Жан діліммен танып-білдім алыстан.
Жаттың да бір жақындығы бар маған,
Туыс болып шығам бөтен кісіңмен.
Тонның ішкі бауындаймыз түбінде,
Сыйлас, сырлас жанға күнің, түнің не? –
Ести алмай қалсам оның дауысын,
Жетпес еді менің жүрек үнім де.
Түріміз де, діліміз де әр түрлі,
Тағдыр жолы тарам-тарам тартылды...
Басқаны да білер едің бағалай,
Өзің білсең алдымен өз нарқыңды.
Жүрме мұны аярлыққа санап та,
Өлең сөзін өз жөнімен сабақта:
 Өмір мынау – бос кеңістік ол да бір,
Уақыт болса өте шығар заматта.
Бір межеден бір межеге сабылған,
Қилы жолда кейде тауың шағылған.
Пешкіге ұқсап табасың сен айла-амал, –
Ферзіге де қарсы қарап шабынған.
Жеңісті сәт... ең бақытты шағыңа,
Жету үшін сол бақыттың тағына;
Оң-солыңды бөріктіріп бағасың,
Бөгет болып тұрғандарды тағы да.
Бір нәрсені елемейсің бірақ та
(Нендей мақсат көздегенің сынақта...), –
Ферзі болып шығуы үшін пешкіні,
Король ғана жеткізерін мұратқа.
Дамыл алмай жету үшін мұратқа,
Қарсыларды тойтаратын бірақ та;
Сырғыта сап сені... өзі тәжін де,
Айырбастап алатұғын бір атқа.
Итжығысың созылады талайға,
Бір жеңіске жеткеніңше абайла!
Шахматтың ойыны емес бұл өмір,
Бостан-босқа ойнамаймыз алайда.
Бұл сөзімді сөге көрме қаралап,
Игіліктің түбін көзде саралап, –
Корольден де астар іздеп болма әуре,
Әлденендей тұспалға бір бағалап.
Толыссам деп ертелі-кеш тынбадым,
Бал ашып та оң-теріске бұрмадым.
Мүдіріп кеп біткен өлең соңында,
Жөн керемін көп нүктенің тұрғанын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу