Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  96


Автор: Тортай Сәдуақас

Бір өзгеріс....

Бір өзгеріс болып жатты маңайда...
Сондай тосын сезім еді ол қалай да, –
Беймаза бір үрей буып, алаңдаған сол адам
Телміре қап терезеден қарай ма?!
Әйнегінен болатын тек тар аулаға қарауға,
Желдің өзін жүндей түткен тар аула, –
Баққа жету бір мұң болып, бұрыла алмай бүк түсіп,
Қанатынан қайырылып қалды-ау жел де қамауда!
Асфальт бойы әбігер боп кептірінген шалшық та,
Жалаңаяқ зыр жүгірген жаңбыр ізі таңсық па:
Түніменен шатырларда шалт ойнаған шалдуар, –
Содан тайып жығылды ма балшыққа!
Дүр-дүр етіп сілкіністі жасыл желек, әр ағаш,
Жапырақтар қайта жауып жаңбыр суы аралас,
Бүршіктердің шешек атып шығуына қарамас, –
Былш-былш ұрды топыраққа жалаңаш.
 Сол бір сәтте дүр ете қап, пайда болды құстар да, –
Бір адамның қойынынан пыр-пыр етіп ұшқан ба?..
«Саяжайға бару керек»,– деп ойлады адам да,
«Ақ сыр керек, тағы да оны сұрастырып табам да»,
Арқан бойы шынжыр керек итке де,
Керек жаңа тоңазытқыш, бұрынғысы тозған атам заманда.
Шетеннің де көшеттерін көшіру тез маңызды,
Тағы-тағы толып жатыр,
Олар бітпей, саяжай да пана болмас тәрізді.
Не істеу керек, не тындырып, – бәрі де аян болды оған.
Ертеңнің де қамын ерте толғаған, –
Беймәлім бір сезім бірақ айран-асыр еткендей,
Бір зорығып, бір торығып, ақыл-есін торлаған.
Көше жаққа тағы да бір көз салды да қадалып,
Терезесін тарс бекітті, тар бөлмеге қамалып;
Сыртта бәлкім болып жатты әлденендей жаңалық, –
Қажетсіз боп қала берді ол алайда.
Бір өзгеріс болып жатты маңайда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу