Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  79


Автор: Тортай Сәдуақас

Оныншы жыл

...Астаповтағы аядай бөлмесінде ажал жастығында жатқанның өзінде, тірліктің барлық
күйбеңі, өмір серіктері, ол таңдаған жолаушы
тауқыметі – бәрі кейін қалып, Толстойдың жансыз ернінен ащы шерге толы, газет хабарламасына соңғы рет тіркелген бір ауыз сөз үзіліп шыға
берді: «... жоқ, мұжықтар бұлай өлмес болар!»
Л. Леонов. Толстой туралы сөз.
Оныншы жыл.
Ғасырдың дәл басында.
Қалғып-мүлгіп жатты ұйқыда бұ ғалам.
Күнәсіз боп келген осы жасында,
Демі үзіліп жатты бір қарт – ұлы адам.
Қиялымен бойлап түпсіз тереңге,
Алаңғасар алартқанда көзін құр;
«Жоқ, мұжықтар...» дегенде,
Қатты айыптап кімге арнады сөзін бұл?
Бір бұлқынып сол тұңғиық тереңде,
Әлдеқандай ақиқатты сезіне;
«Жоқ, мұжықтар...» дегенде, –
Шамырқанып шер тарқатқан кезі ме?
Поптың сөзі шер болды ма кененге,
Қызғанатын жұмақтың да есігін?
«Жоқ, мұжықтар...» дегенде, –
Айтты ма екен қатал үкім кесімін?
 Бал ашпайық кәрін қозғап кәрінің,
Бітіспес бір кірді айтысқа соңында;
Білетін ол таусыларын дәмінің,
«Құдай» болса – мәңгі емесін оның да.
Солай шығар салсақ уақыт тезіне,
Ажал келіп теңгергенге куәсің...
«Құдайыңды» тең санады ол өзіне, –
Оның-дағы біле тұрып күнәсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу