Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  325


Автор: Тортай Сәдуақас

АҒАШ КЕСУШІ

Отын етіп ағаш көрсе ол қураған, –
Бір жасарып мүлгіп тұрды ну орман.
Балташыдан ағыл-тегіл тер кетті, –
Күшін салып құлатты-ау дәу теректі.
Аяқ-қолы талған отап бұтақты,
Әлі құрып ол темекі тұтатты...
Көк түтінді будақтатқан кезінде,
Жас дәурені тұрды елестеп көзінде...
Жайлап келіп отырды да түбірге,
Сипап көрді ол сақинасын, тінін де:
Міне ғажап – айнымаған кісіден, –
Басын шайқап, күліп қойды ол ішінен:
Қаншасы оның отын болып келеді,
Құрдас болып шықты мынау терегі.
«Апырай, бұл жын ұрған ба орманды,
Қашан, қалай шалт басқан?» – деп толғанды, –
Қарап тұрса: қайғы шеккен жандайын?
Әжім басқан ағаштың да маңдайын...
 Түбіртекте балташы отыр дем алып,
Сақал-шашы бордай болған ағарып.
Шылым шегіп, төңірекке ол қараған, –
Дүниеге келген жандай жаңадан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу