Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  323


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘДІЛЕТ-ШЫНДЫҚ ТУРАЛЫ, НЕМЕСЕ БІР-БІРІМІЗБЕН ҚАЛАЙ АЙТЫСАМЫЗ


Лирикалық мысал тәжірибесінен
«Даналықтың мынандай қасиеті болса
ғой шіркін! Ол даналығы асып-тасқан адамнан одан жұрдай болған адамға құйылатын
болса, яғни су сияқты екеуі бірдей деңгейлескенше құйыла берсе...»
Л.Н. Толстой
1.
Килігеміз кейде ұрыс-керіске:
«Сенікі емес, менікі жөн, жеңіс те...»
Бар әділет өз жағыңда сияқты, –
Шындап келсең шығады ол да теріске.
2.
Міне, шындық,
Міне, іздеген тауыпты.
Қаза берсең терең үңгіп – Қауіпті!
Азғырғаннан не шығады күніге,
Үңгиміз біз жетеміз деп түбіне:
Шыңырауға құлдыраймыз жартастан,
Құлағандай үстімізге жарты аспан;
Қазбалаймыз, төрт болады көзіміз.
Рақым қайда – таптап өткен өзіміз...
3.
Адамдар неге ұқпайды осы бір-бірін?
Айтыса қалса қорғайды неге өзінің ғана шындығын?
Басқаша болған шығар-ау, бәлкім, әріде,
Былайша мүмкін басталды ма екен бәрі де;
Баршаға ортақ ақиқат болған басында,
Таптырмай және ол сандалтты көпті расында.
Кім еді тапқан – қаперге ешкім алмады,
 Өмірде бар деп, әркім-ақ оны аңдады.
Қоғам боп оны игеру үшін бірлесіп,
Сауатын ашты адамдар бірге күн кешіп.
Сол кезде біреу:
«Менікі – бұл, – деп, шығарды және сұмдықты,
– Алғашқы көрген, тапқан да менмін шындықты!»
Басқалар сезді – айтады ол жалған несіне?
Бірінші болып шындықты көрген сәттері
әркімнің түсті есіне.
Сол кезде керіс басталды:
Дау-дамай болып, біріне-бірі бас салды.
Тасырлық жасап, біреулер қолға тас та алды.
Ызасы келіп қиянат көрген кісі де,
Қорлыққа батқан – кек байлап тұрды ішіне...
Шындықтың бірақ жоқ еді ешбір күнәйі, –
Бәріне ортақ игілік болған шынайы.
Ақталып көптің тілеуі, тіл қатты сонда біреуі:
«Бөлейік онда – әркімге бірдей тиетін етіп мөлшері,
Әркімде жүрсін шындықтың титтей өлшемі!»
Мақұл деп осы келісті бәрі бір демде,
Сынық та болса – ақиқат бұл да білгенге!
Жіліктеп берген адамдар екен ұятты,
Шағынып келген біреулер риза сияқты, –
Мардымсыз демей бөлгеннен кейін тең енді,
Олжаға осы қарық боп әркім кенелді.
Уақыт та озып, шығыпты күңкіл тағы да,
Кірісті олар баяғы бөліс қамына.
Ынтымақ кетіп, кикілжің туған қайтадан.
Шығыпты әркім шындығын қорып байқаған;
Қателік болған талайға кетіп артық-кем,
Көз мөлшер деген немене, бөлмей тәртіппен...
Түсіне білмей түтіп жеп жатқан бір-бірін,
Ойлаған кезде адамның көріп тірлігін:
 Бәріңе себеп осы ма деген сырды ұқтым, –
Білмеуден шығар болмысын тұтас шындықтың?!
Қашан да болсын арандап қалсаң керіске,
Біріңді-бірің шығарма даумен теріске!
Ғажайып әлгі ақиқат тұрсын санаңда,
Баршаға ортақ, әманда;
Шындығың шындық болудан қалар керісте,
Әр адам келіп салатын болса бөліске,
Берсек те мейлі тең бөліп,
Әділетпенен меңгеріп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу