Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  127


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨКСЕГЕН НӘРСЕМ КӨП ТЕ ЕМЕС

Көп емес менің көксеген нәрсем өмірде,
Күлімдеп дәйім күн тұрсын деймін көгімде,
Аспанның көркі ай туса деймін қиылып,
Көктемде – жасын, ақ ұлпа қыста құйылып...
Жұлдызды аспан, Жетеді маған осы да,
Аптапта самал желпісе жұпар қосыма;
Қызғалдақ гүлдер құлпыра өссін даламда,
Шырқасын достық ақ тілек айтып әманда.
Асырап-сақтап адамның бәрін жер төсі,
Өркендеп өссін елімнің байтақ өлкесі.
Мылтықтың даусын естімей мәңгі мекенім,
Қарттар мен сәби білмесін қайғы не екенін.
Аяулым және, бір болсақ ерте, кешке де,
Осылар ғана.
Керек жоқ басқа ештеңе.
Азғантай ғана, қалауым менің осылар,
Оларсыз мен кім, көңілдің қандай қошы бар?
Мұратым емес – мәңгілік өмір тапқан да,
Не табам жалғыз, басқалар кетіп жатқанда?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу